Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов өңірдегі шаруаларға жемшөп арзан бағамен жеткізілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оның айтуынша, соңғы 2 жылда өңірде қуаңшылық болған.
"Өткен жылдың соңында біз облыстық бюджеттен қаражат бөліп, тиісті жем мен шөпті сатып алдық. Яғни, Ақтөбе облысынан шөп сатып алып, оны тиісті шаруа қожалықтарына жеткіздік", - деді облыс әкімі ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Шаруаларға шөп Ақтөбе облысынан жеткізілмек.
"Қуаңшылыққа байланысты біз арнайы штаб құрдық. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Ақтөбе облысынан шөп әкелу үшін меморандум жасалды. Жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Енді бұл жұмысты әлеуметтік корпорация арқылы үйлестіреміз", - деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, өңірге шөп жеткізіліп жатыр, алайда оның бағасына қатысты мәселе бар.
"Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы жем алу бойынша тиісті қаражат бөлінді. 10-20 маусымға дейін 10 вагон жем өңірге жеткізілуі керек. Оларды біз әрбір ауданға жеткізіп береміз. Шаруа қожалықтарына жем арзан бағамен беріледі", – деді Серікбай Тұрымов.
Айта кетсек, Маңғыстау облысында 5 аудан бар: Бейнеу, Маңғыстау, Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған.
Еске салайық, осыған дейін Ауыл шаруашылы министрлігі Маңғыстау облысына жем-шөп сатып алуға және жеткізуге 204 млн теңге бөлінгенін хабарлаған.
Дәурен Ерболат