Оған көлік министрлігі қабылдаған заңнамалық өзгерістер себеп, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Түркіменстан мен Қазақстан шекарасындағы кеден бекетінен тіркемемен жүк тасушылардың қызметіне тыйым салынған. Бұл бұйрыққа наразылық білдіргендер шағым айтудан шаршаған.
Қазақ-түркімен шекарасында орналасқан Темір баба кеден бекеті - Түркия, Иран, Түркіменстан тауарлары келіп тоқтайтын жер. 400-ге жуық маңғыстаулық жүк тасымалдаушы шетелдік тіркемені өз көліктеріне тіркеп, Ақтау мен Ақтөбеге жеткізіп береді. Жыл он екі ай осылайша нәпақа табады. Жаз мезгілінде 500 мың тоннаға дейін жүк тасиды. Жыл басынан бері соның бірі де жоқ. Көліктер аулада қаңтарылып тұр.
"Егер бұл сұрақ шешілмейтін болса, өздерің көріп отырғандай, жұмыссыздық мәселесі Маңғыстауда назар аударарлықтай әлеуметтік жағдай болып тұр. Жүк тасымалдаушылар мұнайшылардан жұмыс сұрамайды. Кредитке жүк көлік алып, жаңа бағыттар ашып жұмыс жасап келеді. Мәселе шешілмейтін болса, бейбіт шеруге шығамыз", - дейді жүк тасымалдаушы Марат Найзабеков.
Бұл мәселе былтыр да көтерілген еді. Құзырлы орындардың араласуымен үш ай дегенде бұйрықтың орындалуы бір жылға шегерілген болатын.
"70-80% тасымалдаушы "Дамудан" ақша алдық. Көлігімізді сатып, соны жауып Маңғыстауда тасымалдау ісі құлайды. 1-2 ай тоқтап қалсақ, 600-700 мың несие төлеп отырмыз. Оның қалтаға қалай әсер ететінін білесіз. Осы мәселе шешілсе 300-400 тасымалдаушыға, отбасына көмегі тиеді", - деп атап өтті жүк тасымалдаушы Медет Қадыров.
Жылда қайталанатын мәселе тасымалдаушыларды мезі етті. Оны шешу үшін министрлік пен Мәжіліс депутаттарының, құзырлы орындардың есігін қағудан шаршадық дейді олар. Бұйрықтың орындалу мерзімін ұзартып, тіпті болмаса оның күшін түбегейлі жойып, мәселені толық шешуді сұрайды. Осы өтінішпен Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінді.
"Осы мәселеге жауапты құзырлы органдардың барлығын шақырып жиналыс өткіздік. Хаттамасы жасақталды. Оны тиісті министрлікке жолдаймыз. Одан әрі Үкіметке жеткізіп, дұрыс шешім қабылдауға ықпал етіп, тасымалдаушылар мен билік ортасына көпір боламыз",- деп түсіндірді ӨКП облыстық көлік және логистика кеңесінің төрағасы Дмитрий Донских.
Былтыр қаңтарда шетелдік жүк тиелген тіркемелерді тасуға тыйым салынғанда халықты да біраз әбігер болған. Көкөніс пен азық-түлік тиелген прицептер шекарада тұрып қалып, Маңғыстауда баға шарықтап кетті.