Көлік министрі Марат Қарабаев Сенатта өткен Үкімет сағатында Қызылорда, Ұлытау және Ақтөбе облыстарында битум қоймалары салынып жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Көктем мен күзге дейінгі айларда битум жетіспеушілігі мәселесі бар. Бар-жоғы 4 зауыттың барлық Қазақстанды қамтамасыз етуі мүмкін емес. Сондықтан маусымдық ауытқуды шешудің жолы – битум қоймаларын салу. Батыс Қазақстан облысының әкімі өзінің баяндамасында өңірде бір битум қоймасы салынғанын айтты. Көңіл көншітетін мәселе, бірақ бір қойма республикадағы мәселені шеше алмайтын сияқты. Битум қоймаларын салу жоспарланып отыр ма?", - деп сұрады сенатор Бекбол Орынбасаров.
Көлік министрі Марат Қарабаев битумның ең көп тапшылығы 2022-2023 жылы болғанын баса айтты.
"Өйткені ол жылдары Ресейден небары 100 мың тонна импорт алуға құқығымыз болды. Былтыр Ресей тарапынан 300 мыңға дейін импорттауға мүмкіндік алдық. Нәтижесінде өткен жылы битум тапшылығы біраз төмендеді. Дәл осындай құқығымыз биыл да бар. Екіншінден, биыл Каспий битумының қуаттылығы 500 мыңнан 750 мыңға дейін көбейді. Былтыр 880 мың шығарсақ, қазір 1 млн 100 мың тоннаға дейін шығаратын боламыз. Бірақ биыл жұмыстың ауқымына байланысты бізге қажеттілік 1 млн 400 мың тоннадай битум. Сонда Ресейден 300 мың тонна импорт қалады", - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Әр мердігер компанияның битум сақтайтын қоймасы болуы керек деген талап бар.
"Енді кәсіпорындар өз нысандарының аумағында битум қоймаларын жасады. Жалпы көлемі – 400 мың тоннаға жеткілікті. Қосымша тағы да 4 қойма салынып жатыр. Олардың жалпы қуаты 100 мың тоннаға жетеді", - деді Марат Қарабаев.
Айта кету керек, осыған дейін елімізде тағы 29 жол учаскесі ақылы болатынын жазған едік.