Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті қысқы спорт түрлері бойынша дирекция жетекшісі Олжас Бесбаев команданың жарысқа дайындығына тоқталып, алдағы кезеңге қатысты жоспарларымен бөлісті, деп жазады Olympic.kz.
"Жақында ғана Ресейдің Ярославль қаласында шаңғы акробатиксынан әлем кубогі кезеңі өтті. Біздің спортшылар айтарлықтай жақсы нәтиже тіркей алған жоқ. Бұған басты себеп – карантинге байланысты жаттығу жиынын толыққанды өткізбегеніміз. Иә, команда мүшелері екі жарым ай бойы Минскіде жаттықты. Бірақ қар үстінде дайындалудың реті келген жоқ, су трамплинінде ғана күшімізді сынап көрдік. Спортшылар жарыс кезінде ғана қар үстінде дайындалды. Сол себепті, өзіміз ойлағандай нәтиже болған жоқ. Қарда жаттықпағандықтан, көрсеткіш төмен. Шаңғы акробатикасы инфрақұрылымы жөнінен өте қиын спорт түрлеріне жатады. Кез келген жерде жаттығу өткізу мүмкін емес, арнайы трамплиндер қажет. Оның үстіне, карантин кезінде Еуропа елдеріне виза алу да оңай болған жоқ. Десе де, еңсемізді түсірмейміз. Бүгінде спортшылар Мәскеудегі әлем кубогі кезеңіне дайындалып жатыр. Содан кейін Минскіде өтетін кубоктік додаға қатысып, әлем чемпионаты мен Қазақстандағы әлем кубогіне тыңғылықты дайындаламыз. Бәрінің көңіл-күйі тамаша", – дейді дирекция жетекшісі.