Мәжіліс республикалық бюджет туралы заң жобасын қабылдады

215

82 депутат жақтады, 11-і қалыс қалды. 

Мәжіліс республикалық бюджет туралы заң жобасын қабылдады Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Сіздердің қарауларыңызға елдің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы енгізіледі. Болжамды қалыптастырудың негізінде мұнайдың бағасы барреліне 75 доллар және доллардың есептік бағамы 470 теңге болғандағы базалық сценарийі алынды. Болжам бойынша 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,6 пайызды құрайды, 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 5,4 пайызды құрайды. Номиналды жалпы ішкі өнім 2025 жылғы 150,8 трлн теңгеден 2029 жылы 234,2 трлн теңгеге дейін өседі", - деді заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Министр экономиканың барлық саласында өсім күтілетінін айтты. 

"Импорт 61,3 миллиард доллардан 67,5 миллиард долларға дейін өседі. Инфляция деңгейі 2025 жылы 5,5 және 7,5 пайыз, 2026 жылы 5 және 6 пайыз аралығында айқындалды, кейіннен 2027-2029 жылдары 5 пайызға дейін төмендеуі күтілуде. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2025-2027 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды. Бұл ретте кірістер 2025 жылы 15,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 10,4 пайыз деңгейінде болжанады", - деді ведомство басшысы.

Нұрлан Байбазаровтың сөзінше, бюджет кірістерінің негізгі өсімі экономиканың даму қарқынын ұлғайту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету есебінен қамтамасыз етілетін болады.

Республикалық бюджеттің теңгерімін кірістер базасы есебінен қамтамасыз ету үлесі 2025 жылы 63,7 пайызды, 2026 жылы 75,0 пайызды және 2027 жылы 76,9 пайызды құрайды, деп атап өтті ол.

"Республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің параметрлері де бюджеттік қағидаларды ескере отырып айқындалған. Оның өсу қарқыны 2025-2027 жылдары 108,3-109,2 пайыз деңгейінде тұрақтандырылды. Осыны ескере отырып, бюджеттің шығыстары 2025 жылы 25,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 17,1 пайызды, 2026 жылы – 23,2 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 13,7 пайызды, 2027 жылы – 24,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 12,9 пайызды құрайды", - деді Ұлттық экономика министрі.

Депутат Еркін Әбіл тиісті заң жобасымен жұмыс жасау барысында 250-ден астам түзету енгізілгенін айтты. 

"Депутаттардың түзетулері бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтуға да, қысқартуға да қатысты болды. Депутаттар 2025-2027 жылдары шығыс көлемін 4 трлн теңгеден астам сомаға арттыруды, оның ішінде 2025 жылға 2 трлн теңгеге ұлғайтуды ұсынды. Депутаттар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және коммуникациялар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт және тағы да басқа негізгі бағыттар бойынша шығыстарды арттыруды ұсынады. Бюджет жобасын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп қарау кезінде қаражатты барынша тиімді пайдалану, бюджетке тек негізгі басымдықтарды ғана енгізу мәселелері талқыланды. Осылайша депутаттар заң жобасына 2025 жылға мынадай түзетулер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, өңірлерді дамытуға, оның ішінде халықты ауыз сумен қамтуға – 15 млрд теңге, "Ауыл ел бесігі" жобасы аясында – 15 млрд теңге", - деді мәжілісмен.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс алдағы үш жылға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңды қабылдағанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу