Мәжіліс "Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңның жобасы мен ілеспе заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жіберді.
Құжатты таныстырған депутат Снежанна Имашеваның сөзінше, негізгі заң жобасы бойынша "пайда болуы түсініксіз активтер", "жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адам", "үстеме кіріс" ұғымдар нақтыланған. Сонымен қатар "әкімшілік-билік ресурстары" деген жаңа ұғым енгізілді.
Бұдан басқа шетел азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдарға, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тіркелген заңды тұлғаларға және заңды тұлға құрмайтын шетелдік құрылымдарға қатысты заңның қолданылуы регламенттеліп, басқа да түзетулер енгізілді.
"Ілеспе заң жобалары бойынша Бас прокуратура жанынан активтерді қайтару жөніндегі жаңа ведомство құруға байланысты прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосының басшысына және оның орынбасарларына "прокурор" мәртебесін беруге, Жоғары аудиторлық палатаға жергілікті бюджеттің тиімділігі мен сәйкестігіне аудит жүргізу бойынша жаңа өкілеттіктер беруге, Қылмыстық кодекстің жаңа 235-1-бабы бойынша аса ірі залалдың мөлшерін немесе аса ірі мөлшерді, ірі залалдың мөлшерін немесе ірі мөлшерді анықтауға және қылмыстық заңның шетелдіктерге қатысты қолданылуын нақтылауға байланысты түзетулер енгізілді", - деді халық қалаулысы.
Айта кету керек, осыған дейін Мәжілісте заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғанын жазған болатынбыз.