Мәжіліс "Жасанды интеллект туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біріншіден, заң жобасы жасанды интеллект технологиясын пайдалану процесінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұнда біз пайдаланушылардың құқықтары мен бостандықтары, олардың жеке деректері туралы айтып отырмыз. Сонымен қатар, жаңа технологияны пайдалану кезінде барлық процестердің ашықтығы мен қауіпсіздігіне кепілдік беру өте маңызды. Екіншіден, заң осы саладағы әзірлеушілер мен инвесторлар үшін түсінікті және ашық "ойын ережелерін" жасайды. Бұл құқықтық сенімділікті қамтамасыз етеді, жасанды интеллект технологияларына деген сенімді арттырады және инвестицияларды тартуға ықпал етеді", - деді депутат Екатерина Смышляева.
Бұдан бөлек заң жобасы экономикада жасанды интеллектті енгізу кезінде мемлекеттің рөлін айқындайды.
Заң жобасының маңызды бөлігі – ұлттық жасанды интеллект платформасы.
"Бұл – жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу мен қолдануға арналған бірыңғай инфрақұрылым. Аспаптық ортадан басқа, платформа жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін деректер кітапханаларына әзірлеушілердің қол жетімділігін қалыптастырады және қамтамасыз етеді", - деді депутат.
Сондай-ақ, салаға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланады.
Екатерина Смышляеваның сөзінше, жасанды интеллект жүйе иелері өз жүйелерін пайдалану шарттарын белгілей алады, өз құқықтарын қорғай алады және тәуекелдерді басқара алады. Пайдаланушылар дербес деректерді қорғауға, жасанды интеллект жүйелерінің жұмысы туралы хабардар етуге және автоматтандырылған шешімдерге дау айту мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылып отыр. Енді жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейіне қарай жіктеледі – ең төменгіден бастап ең жоғарыға дейін.
Жоба жасанды интеллектті пайдаланудың кейбір түрлеріне де тыйым салады:
1. Адамдардың саналы келісімінсіз мінез-құлқына әсер ететін жасанды интеллектті қолдануға;
2. Адамдардың осалдығын (жасы, мүгедектігі, әлеуметтік жағдайы) әдейі пайдаланатын жасанды интеллектті пайдалануға;
3. Адамдарды әлеуметтік мінез-құлқы немесе сипаттамалары бойынша бағалауға немесе жіктеуге (әлеуметтік скоринг);
4. Адамдардың эмоцияларын олардың келісімінсіз талдау үшін жасанды интеллектті пайдалануға;
5. Заңмен рұқсат етілген жағдайлардан басқа кезде нақты уақыт режимінде қоғамдық орындарда бет-әлпетті тану үшін жасанды интеллектті қолдануға;
6. Заңнамада тыйым салынған жасанды интеллект қызметінің нәтижелерін жасауға және таратуға тыйым салынады.
Айта кету керек, биылғы наурыз айында Мәжілісте "Жасанды интеллект туралы" заң жобасы мен оған ілеспе құжат таныстырылғанын жазған едік.