Мәжіліс Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты таныстырған депутат Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, тиісті келісім жобаларды іске асыру бойынша Қазақстан мен Ресей Үкіметі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
"Келісім жабдықтарды жобалау, дайындау және жеткізу, жаңа жылу орталықтарын салу әрі пайдалануға беру жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ Қазақстан жағына Ресейдің мемлекеттік экспорттық кредитін беруге жеңілдікті, қаржыландыру тетіктерін орындау шарттарын айқындайды", – деді ол.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын.
Келісім шеңберінде Көкшетау (болжалды қуаты 248 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларында көмір өндіру негізінде ЖЭС салу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, былтыр Қазақстанда Ресейдің қатысуымен үш жылу электр станциясы салынатынын жазған болатынбыз. Кейіннен ЖЭО-лар Көкшетау, Семей және Өскеменде салынатыны белгілі болды. Осы жылдың басында тиісті станциялар бойынша техникалық-экономикалық негіздеме бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.