Мәжілісте Халық денсаулығы кодексінің жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

1020

Кодекс жобасына бұрын заңнамада көзделмеген жаңа баптар енгізілді. 

Мәжілісте Халық денсаулығы кодексінің жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кодекстің жобасы жеке және әлемдік тәжірибенің үздік мысалдарына негізделген денсаулық сақтаудың жаңа, ұзақмерзімді моделін құруға, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында дайындалды. Кодекс жобасын әзірлеу барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің даму көрсеткіштері және Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі стратегиясы ескерілді.

"Қоғамдық денсаулық сақтауға тоқталып өтсек, еліміздің денсаулық сақтау саласындағы мақсаттарына жету – мемлекеттің, заңды тұлғалар мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі болған жағдайда ғана мүмкін.

Осыған орай, Кодекс жобасына бұрын заңнамада көзделмеген жаңа баптар енгізілді. Мысалы, салааралық әрекеттестік мәселелерін шешу мақсатында қоғамдық денсаулық саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бөлігінде мемлекеттік органдардың міндеттері айқындалды.

Жұмыскерлер арасында денсаулық сақтау мен профилактика бағдарламасын әзірлеп, іске асыру, салауатты жұмыс орындарын құру және жұмыскерлердің скринингтерден өту міндеттемесі – заңнамалық түрде көзделген", – деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Осылайша, Кодекс жобасында: салааралық өзара іс-қимыл нақтыланды; скринингтерден өту үшін міндетті әлеуметтік демалыстар көзделді; жүргізуші құқығын алу кезінде алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйрену міндеті, қоршаған ортаның халық денсаулығына әсері, оның ішінде шу мен атмосфералық ауаның әсері мәселелері реттелді.

"Қазіргі таңда, жасөспірімдер мен жастарға медициналық көмек құпия көрсетілмейді. Осыған орай, балалардың денсаулығын сақтау мәселелері және жасөспірімдердің өз еркімен медициналық көмекке жүгіну мүмкіндігі ескерілді. "Мектеп медицинасы" ұғымы заңнамалық түрде бекітілді", – деді министр.

Сонымен қатар, психикалық денсаулық сақтау, суицидтік мінез-құлықтың, сондай-ақ құмар ойындардың профилактикасы жөніндегі нормалар реттелді; білім беру және түсіндіру іс-шараларын өткізе отырып, тәрбие алушылар мен оқушылардың денсаулығын сақтауға ата-аналар мен педагогтарды тарту бойынша нормалар регламенттелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу