Мәжілісте онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы құжат бірінші оқылымда мақұлданды

594

Аталмыш заң жобасын депутаттардың басым бөлігі жақтады.  

Мәжілісте онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы құжат бірінші оқылымда мақұлданды Фото: aikyn.kz

Қазақстанда "онлайн-платформаны пайдаланушы" және "инфлюенсер (блогер)" ұғымдары енгізіледі. 

"Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" және оған ілеспе екі заң жобалары 15 мамыр күні Мәжілістің қарауына енгізілген болатын.

"Бұл заң жобасы онлайн-платформалардың қызметін, сондай-ақ онлайн-жарнаманың жұмыс істеуін құқықтық реттеуге бағытталған. Құжатта  "онлайн-платформаны пайдаланушы" және "инфлюенсер (блогер)" – онлайн-платформалар арқылы кәсіпкерлік қызметпен айналысатын онлайн-платформаны пайдаланушы" ұғымдары енгізіледі, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттері белгіленеді. Заң жобасында онлайн-платформаларда жалған ақпаратты таратуға, орналастыруға тыйым салу енгізіледі. Бұдан басқа, онлайн-платформалардың интерфейстері мен модерациясына мемлекеттік тілді міндетті интеграциялау көзделеді",  - деп хабарлады Мәжіліс. 

Құжат әлеуметтік желілердің алгоритмдеріне құқыққа қайшы контентті қадағалауға, сондай-ақ қазақ тіліндегі контентті модерациялауға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа онлайн-платформалардың меншік иелері үшін мемлекеттік органдармен анық емес ақпаратқа, салықтан жасыруға қарсы күрес бойынша ынтымақтастық жөніндегі міндеттеме енгізілмек.

"Ол үшін Интернетте осы ресурсты пайдаланушылардың санын анықтау үшін бағдарламаны орнату және уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайтын өзінің заңды өкілін тағайындау жөніндегі талап белгіленеді. Онлайн-платформаларда құқыққа қайшы контент анықталған жағдайда онлайн-платформаның заңды өкіліне оны жою қажеттігі туралы хабарлама жіберілетін болады. Егер бұл талап орындалмаса, онда уәкілетті орган онлайн платформаның қызметін шектеуге құқылы", - делінген заң жобасының қорытындысында.

Бұдан бөлек онлайн-платформаларды пайдаланушылар үшін өз парақшаларында орналастырылатын онлайн-жарнаманы таңбалау, сондай-ақ өз қызметін міндетті түрде кәсіпкерлік заңнамаға сәйкес жүргізу міндеттемелері де көзделетін көрінеді. 

Еске салайық, осыған дейін онлайн-платформалар туралы заң жобасына инфлюенсер ұғымы енгізілетінін жазған болатынбыз. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі интернет-жарнама және онлайн-платформалар туралы заңнамалық негіздерді белгілеуге бағытталған жаңа заң әзірлеуді ұсынған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу