Жыл соңына дейін 3,8 мыңнан астам медицина маманы мен 2,1 мың жедел жәрдем бригадасын смарт-бейнежетондармен қамту жоспарланған, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, медициналық ұйымдарда полициямен жедел байланысуға мүмкіндік беретін смарт-бейнежетондар мен SOS батырмалары қолданыла бастаған. Сонымен қатар вакциналардың сақталу температурасын бақылауға арналған "Суық тізбек" жүйесі іске қосылып, ауылдық жерлердегі 655 медициналық ұйым мен ҚАЖ жүйесінің 72 мекемесіне телемедициналық кешендер орнатылған.
"Медицина қызметкерлерін қорғау және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін Қазақстанда цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр", – делінген хабарламада.
"Қазақтелеком" өкілі Бахтияр Қожахметовтің айтуынша, жыл соңына дейін 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы мен 3,8 мыңнан астам медицина қызметкері бейнежетондармен қамтылады.
Оның айтуынша, телемедициналық технологиялар дәрігерлерге қашықтан 24-ке дейін түрлі зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.