Медициналық сақтандыру тоқтатыла ма?

452

Қазақстандағы медицинаға биыл 2,5 трлн теңге бөлінген.

Медициналық сақтандыру тоқтатыла ма? Фото: Getty Images

Қыруар қаражат саладағы мәселелерді әлі де шеше алмай отыр. Тіпті, мемлекеттің ақшасы жетпегендіктен, қаражат халықтың қалтасынан алына бастады. Жағдай сонда да түзелмеді. Мәселе Парламентте де бірнеше рет көтерілді. 

Астанадағы емханаларда 2500 адам жалған тіркелген. Мұндай деректі елорда прокурорлары жариялады. Яғни, дәрігерлер елден көшіп кеткен, не болмаса басқа да жағдаймен жоқ адамдар үшін ай сайын ақша алып отырған. Есепке салып көрейік: емханаға 1 адам үшін айына тарифке сәйкес 1500 теңге түседі. Оны жаңағы жалған тіркелгендердің санына көбейтсек 3 млн 750 мың теңге шығады. Ал бұл санды 12-ге ұлғайтқан жағдайда емхана басшылығы жыл сайын 45 миллион теңгені қалтасына басып отырған деп топшылауға болады.

Бір қызығы, бюджет қаражатын жымқырғандар тек тәртіптік жауапкершілікпен құтылған. Ал мұндайлар әр өңірде болса ше?! Онда сіз бен біздің қалтамыздан төленетін қаражаттың біреудің бас пайдасына кетіп жатқанын анық. Мәселе әлеуметтік желілерде талай жазылды. Халық үні кейін Парламентте шыға бастады.

2019 жылы мемлекет есебінен денсаулық сақтау саласына 1,1 трлн теңге бөлінген. 2020 жылы халықтың қалтасынан МӘМС қорынан қосымша қаражат бөліне бастады. Сөйтіп, жыл сайынғы шығын 2,5 трлн теңге ұлғайды. Алайда, қыруар қаражат мәселені әлі де шеше алмай отыр.

"Жалпы жоспарлау түрінен қарайтын болсақ, 2,5 трлн теңге бәріне жетуі керек. Бірақ қазір біз жаңалықтардан қарап жатсақ, бұрынғы проблемалардың барлығы әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Дәрі жетпей жатыр, адамдар медициналық көмек ала алмай жатыр, дәрігерге жазыла алмай жатыр. Ақша көбейді, проблемалардың саны азайған жоқ. Менің ойымша, қаржыны көбейткенмен, ол 6 трлн болсын, 7 трлн болсын, бірақ денсаулық сақтау саласындағы қазіргі басқарма деңгейінде жұмыс істейтін азаматтардың қаржылық жағынан қолданатын технологияларын немесе жұмыс қасиеттері жоғарламағанша бұл мәселе шешілмейді", - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұрынғы орынбасары Олжас Әбішев.

Министрлік триллиондарды әлі де жеткізе алар емес. Мұны өткен аптада өткен жиында Денсаулық сақтау министрінің іс басындағы орынбасары Тимур Сұлтанғазиев те мойындады.

"Бүгінгі күні шешуді қажет ететін бірқатар проблемалар да жеткілікті. Ол денсаулық сақтау саласындағы қаржыландырудың жеткіліктсіздігінен баз кешуде. Қаражаттар тапшылығының себептері тым айқын", - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев.

Вице-министр тұтынушылар саны артты, содан ақша жетпей отыр,- дейді. Ал Олжас Әбішев қорда 600-700 млрд теңгедей қаражат жұмсалмай жатқаны туралы ақпарат айтты. Тек мұның өз себебі де бар екен.

"Егер МӘМС қаржылық жыл аяғында бүкіл бөлінген ақшаны игерсе, онда МӘМС қорының басшылығы нәтижелі емес деп саналады. Бөлінген ақшаның жеткеніне, жетпегеніне сол мәмс қоры бағаланады. Басшылығы бағаланады. Ал егер жыл соңында 100 млрд, 200 млрд, 300 млрд сол қордың шотында қалса, ол басшылығының жұмыс нәтижелігі деп көрсетіледі. Сол кезде МӘМС қорының басшылығы премия алады, бонус алады, 5-6 премия алады. 10 млн теңге премия алады, 20 млн", - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұрынғы орынбасары Олжас Әбішев.

Бұл сөзге де дәлел бар. МӘМС бастау алған алғашқы жылдарда-ақ басқарма басшылары миллиондап сыйақы алған. Биыл депутаттар бірнеше мәрте Денсаулық сақтау министрінен қордағы қаражат туралы есеп те сұрады. Бірақ әлі күнге дейін халық ақшасын жинап отырған МӘМС қоры ашық есеп бере алмай отыр.

"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру проблемасы ушығып тұр. Жалпы, біз бір мәселені түсінуіміз керек. Бұл - халықаралық тәжірибе. Бұл проблема институттың өзінде емес, МӘМС интситуты, оның қалай жүзеге асырылып жатқандығында. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің олқылықтарына байланысты, бұл қор ғана емес, өйткені барлық нормативтік-құқықтық актілерді қабылдайтын денсаулық сақтау министрлігі. Осы саясаттың кесірінен біздің азаматтар дұрыс, сапалы, қолжетімді медициналық көмекті ала алмай отыр", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Ал азаматтардың сала дәрігеріне айлап кезекте тұруының себебі мынау екен. Емхана Қормен 1 жылға, 1 сомаға келісімшарт жасасып қояды. Кейін тіркелген адам саны көбейсе де қордан қосымша қаражат берілмейді. Сондықтан емхана сала дәрігеріне орын жоқ деген сылтаумен келесі айға бірақ жазады. Ал бұл біз өз жалақымыздан бөліп төлеген қаражатқа уақытылы ем ала алмай отырмыз деген сөз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу