ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Сұханбердиева, Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина және Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин Орталық коммуникациялар қызметінде мектеп киімінің бірыңғай ережелеріне қатысты баспасөз-мәслихатын өткізді.
Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның мәлімдеуінше, соңғы жылдары білім беру ұйымдарында оқушылардың діни киіммен келуі жиілей бастаған. Оның сөзіне қарағанда, "ҚР "Білім туралы" заңының 3 бабында білім беру зайырлы сипатта жүретіні айтылған болса, "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңына сәйкес, білім беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болатыны көрсетілген. Бұл мектепте кез-келген дінді тікелей немесе жанама түрде насихаттауға жол берілмейтінін білдіреді. Білім және ғылым министрлігінің №26 бұйрығымен 2016 жылғы 14 қаңтарда міндетті мектеп киімі үшін бірыңғай талап қоятын ережелер бекітілді. Осыған орай барлық мемлекеттік білім беру мекемелерінде жоғарыда аталған заңнамаларға сәйкес ережелер орындалуы тиіс", - деді Э. Суханбердиева.
Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдинаның мәлімдеуінше, "Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты ұстанымы құқықтық негізге толықтай сай келеді; Конституцияға сәйкес, білім беру жүйесі, арнайы діни білім беру орындарынан басқасы, діннен ажыратылған".
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин бұл өте шетін мәселе екеніне тоқталып, мұны қоғамның әрбір мүшесі түсіністікпен қабылдауы керек екенін жеткізді.