Мектеп оқушысы қоқысты өңдеу арқылы құрылысқа арналған желім жасап шықты

305

Бір литр желім өндіруге небәрі 300 теңге жұмсалады екен. 

Мектеп оқушысы қоқысты өңдеу арқылы құрылысқа арналған желім жасап шықты Фото: Кейіпкерден

Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Алия Жарқынова пенопласт қалдықтарын өңдеу арқылы нарықта сұранысқа ие құрылыс желімін ойлап тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жас өнертапқыштың айтуынша, шетелдік тәжірибелер мен пластикалық өнімдерді қайта өңдеу технологияларын теориялық тұрғыдан зерттеуден бастау алған жоба жоғарғы оқу орындары базасында тәжірибеден өткен. Зертханалық жұмысқа құрылыс пен тұрмыстық қалдықтар, қаптама материалдары жинақталып, түрлі талдаулардан өткен.

"Пенопласттан желім өндіру бірнеше негізгі кезеңнен тұрады. Ол үшін қалдықтар тазартылып, түйіршікті консистенцияға дейін ұсақталады. Содан соң органикалық қосылыстар қоспасында ерітіліп, желімнің жабысқақтық қасиеттері мен беріктігін арттыратын модификациялаушы компоненттер қосылады. Осыдан соң ғана әртүрлі құрылыс материалдарында соңғы сынақтан өткізіледі. Бір литр желім өндіруге небәрі 300 теңге жұмсалады, ал нарықтағы ұқсас өнімнің бағасы шамамен 800 теңгені құрайды. Бұл жобаның өндіріс көлемін арттырған жағдайда елеулі пайда әкелетінін көрсетеді", – дейді Алия Жарқынова.

Жоба авторының айтуынша, қазіргі уақытта өндірістік қуаттарды кеңейту мүмкіндігі бағалануда. Сол арқылы жас өнертапқыш пластикалық қалдықтардың көлемін азайту, құрылыс нарығын қолжетімді әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Өз кезегінде бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына септігін тигізбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу