Бүгінде облыс орталығында жеті мыңға жуық оқушы орны тапшылық етеді. Әсіресе, Усолка шағын ауданындағы мектептер әу бастағы жүктемеден артық шәкірт қабылдап, оларды оқытуға мәжбүр. Бұл мәселені шешіп, балалардың қазіргідей үш ауысымда емес, жайлы жағдайда білім алуы үшін жаңа оқу орнын салу көзделіп отыр. Бірақ шағын ауданда оған арналған кең аумақ жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Өткен жылдың күзінен бері жергілікті билік 1200 орындық мектепті орналастыратын аумақ іздеп әлек. Бастапқыда кемелерді жөндеу зауытының орнын алмақ болды. Бірақ бұған ірі су көліктерін жөндейтін еліміздегі жалғыз кәсіпорынның өкілдері қарсы шықты. Әкімдік жерді тартып алар болса, Қазақстан мен Ресейдің көрші облыстарында жүретін кемелерді жөндеп, реттейтін зауыт жұмысын тоқтататынын алға тартты. Кейін экологтар да ерекше қорғалатын табиғи аумақта мектеп салуға болмайтынын кесіп айтты. Бұл тек кәсіпорынның жабылуымен емес, мектепте оқитын балалардың өміріне зиян тигізуі мүмкін екенімен де қауіпті екенін атап өтті. Ақыры бұл іске прокурорлар араласып, Павлодар қаласы әкімдігінің жерді мемлекет меншігіне қайтарып алуға қатысты құжатын қайтарып алды. Сөйтіп, аталмыш зауытқа төнген "қауіп" сейілді.
Енді жергілікті билік жаңа мектеп үшін зағип жандар жұмыс істейтін кәсіпорынды "көздеп" отыр. Жоспар бойынша, ол келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс. Бірақ бұл жолы да кәсіпорын қызметкерлері мұндай шешіммен келіспейтінін білдірді. Әлеуметтік желі арқылы қарсы екендіктерін ашық айтты.
"Мұнда көзі нашар көретін 80 адам еңбек етеді. Оларға қолайлы болуы үшін барлық жағдай жасалды. Тіпті, автобус бағыттарының өзі оңтайлы етіп қарастырылған болатын. Енді бұл адамдар далада қалуы керек пе? Мүгедектігі бар азаматтарды табыс көзінен айырғаны қалай?" - деп ашынады олар.
Аталмыш кәсіпорын "Қазақстан алюминийі" зауытының тапсырыс бойынша қаптамалардың 30-дан астам түрін, сүзгілерді ауыстыру материалдарын, арнайы киімдерді тігеді. Одан бөлек, төсек-орын жиынтықтарын, басқа да тұрмысқа қажет дүниелерді тігеді. Бұл – зағип жандарға арналған жалғыз жұмыс орны. Сондықтан кәсіпорын өкілдері әкімдіктің өзі 1960 жылы берген жерді қайтармақ емес.
Әкімдік бұл аумақта мектеп салынады деген шешім соңғы емес екенін айтады. Бұл аумақты оқу орны бой көтеруі мүмкін жер ретінде қарастырып отырған көрінеді. Демек, басқа аумақ таңдалуы мүмкін. Алайда Усолка шағын ауданына жақын маңда мектепке лайық өзге жер жоқ.