Сенатор Айгүл Қапбарова білім беру саласындағы жемқорлық мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі білім беру саласында жүргізілген сыртқы талдау нәтижесі бойынша еңбекақы төлеу қорынан бюджет қаражатын жымқырудың схемасын ашқаны белгіл. 2020-2024 жылдар аралығында 511 сыбайлас жемқорлық қылмыстық іс тіркеген. Әсіресе, 2023 жылы ең ірі сыбайлас жемқорлық пен жымқыру фактілері өңірлердегі білім бөлімдері мен ұйымдарында анықталып, мемлекетке келтірілген залал 12,5 млрд теңгені құраған. Нәтижесінде қылмыстық істі болып жатқан мектеп бухгалтерлерінің саны көп", - деді депутат.
Айгүл Қапбарова соңғы үш жылда мемлекет қазынасына білім саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бөлінгенін еске салды.
"Кешенді әлеуметтік қолдау шараларына қарамастан, білім беру саласы жемқорлық тәуекелдері жоғары салалардың бірі болып қалып отыр. Білім беру ұйымдарындағы саланы қаржыландыру тетіктері еңбекақы қорынан бюджет қаражатын жымқыруға, бюджеттік өнімдерді жоспарлау мен қалыптастыруда жалақыға жұмсалатын шығыстарды артық қарастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде бюджетті жоспарлау ісі ақсап тұр. Осы ретте мемлекеттен ең көп қаржыландырылатын сала ретінде бюджеттік параметрлерді қалыптастыруда нақты қағидаларға негізделген жүйелі жұмыс қажет", - деді сенатор.
Оның дерегінше, жалпы білім беру ұйымдарында 5 мыңға жуық педагог тапшы.
"Осындай қажеттілік бар кезде мектеп директорлары өз таныстарын жалған бұйрықпен жұмысқа алған, 8,8 млрд теңгеге жуық қаражатты мектептерде жұмыс істемейтін және формалды түрде жұмысқа қабылданған 464 тұлғаға заңсыз жалақы, түрлі жәрдемақы төленген. Оның ішінде сарапшы ғылыми қызметкер, модератор мен пән оқытушылары сияқты санаттар бар. Аталған фактілер бойынша 35 қылмыстық іс қозғалған", - деп атап өтті Айгүл Қапбарова.
Айта кету керек, осыған дейін сенатор Ғалиасқар Сарыбаев мектеп психологтарының жалақысын көбейтуді ұсынғанын жазған болатынбыз. Бұдан бөлек Парламенттің жоғарғы палатасы капиталды елден шығаруға бақылауды күшейтетін заңды екінші оқылымда мақұлдады.