"Ұлттық біліктілік тестілеуіне дайындық емтиханын тапсыру, Ұлттық бірыңғай тест тапсыру бағасы, магистратураға түсу бойынша дайындық тестілеу бағасына қатысты қазіргі уақытта әртүрлі ақпарат бар. Әртүрлі дәлелдерді де естиміз", – деген Асхат Аймағамбетов бұл мәселеге үстірт қарамау керек екенін баса айтты.
Министрдің сөзінде барлық өңірлерде баға бір келкі әрі қолжетімді болуы шарт.
"Сондықтан осы дайындық тесттерінің бағасы 2 есе азайтылсын. Оны қайтадан қараңыздар. Бұл тапсырма бойынша тиісті жұмыс жүргізілуі керек. Өйткені дайындық тесті болса, өз еркімен тапсыратын тест болса да түлектер мен мұғалімдерге қолжетімді болуы керек. Сондықтан бағасын 2 есе түсіруді тапсырамын", – деді ведомство басшысы аппарат отырысында.
Жиында министр тізбектеген мәселелердің бірі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқу бағдарламасын жетілдіру.
"Бұл қос пәннің мазмұнын жетілдіру керек. Оқытылатын шығармалар, грамматика жүйесі, жас ерекшеліктерін ескеру тағы бар. Мұны биыл толық шешуіміз қажет", – деді Асхат Аймағамбетов.