Мектептердің құрылыс-жөндеу жұмыстарында елеулі кемшіліктер бар – Асхат Аймағамбетов

593

Мектептердің құрылыс-жөндеу жұмыстарында елеулі кемшіліктер бар – Асхат Аймағамбетов

Оқу-ағарту министрі Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерді аралап, жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Құрылысы 2018 жылы басталып, әлі күнге дейін аяқталмаған мектепте болдым. Былтыр қала әкімдігі жобалық-сметалық құжаттарын реттеп, нысан басқа мердігерге берілген болатын. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, Ұлы Дала мен №39 көшелерінің қиылысында орналасқан мектеп биылдың соңына дейін пайдалануға беріледі"- дейді Аймағамбетов.

Министр, сондай-ақ, International School of Nur-Sultan жекеменшік мектебінің құрылыс барысымен танысқан. Сөзіне сүйенсек, салынып жатқан осындай жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру есебінен оқушы саны көп мектептер саны азаяды.

"Басқа мектептердің де жаңа оқу жылына дайындығын тексердім. №71 мектеп-лицейінде болдым. Білім ордасы оқушыларды қабылдауға дайын. Жөндеу жұмыстары жүргізілген, инклюзия кабинеті жұмыс істеп тұр. Сыныптарды, асхананы, кітапхананы, спорт залын, жуынатын бөлмелерді аралағанда ондағы әріптестеріммен әңгімелестім.
Әсіресе, мектеп кітапханашысының өз ісіне сүйіспеншілігі мен адалдығы ерекше әсер қалдырды. Оқушылар кітапханашылардың еңбегін бағалап, оларды оқыған кітаптарының санымен қуантады деп үміттенемін", - дейді ведомство басшысы.

Асхат Аймағамбетов болашақ 1-сынып оқушыларымен де әңгімелесіпті.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мектептерді салуды және жөндеу жұмыстарын жүргізуді әкімдіктер жүзеге асырады. Мектептердің жөндеу жұмыстары, құрылыс сапасы мен мерзіміне байланысты көптеген сұрақ бар. Сапаны қамтамасыз ету бөлімшелерінің өкілдері құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысына мониторинг жүргізді және тексеріс елеулі кемшіліктердің бар екенін көрсетіп отыр. Әкімдіктерге шара қабылдау үшін ескертулер жолданды", - делінген жазбада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу