Мемлекет басшысы танымал әнші Димаш Құдайбергеннің атасы Құдайберген Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.
"Әулеттеріңіздің ардақтысы, елге танымал, халық сыйлаған абыройлы ақсақал Құдайберген Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Құдайберген Айтбайұлы ауыл шаруашылығы саласында көп жыл қажырлы қызмет етіп, еңбек ардагері атанды. Адамгершілік асыл қасиеттерімен өз ортасына сыйлы, ағайын-туысқа қадірлі жан болды. Ұлағатты ұрпақ өсіріп, дарынды ұл-қыздарды тәрбиелей білді. Айнала төңірегіне мейірім шуағын шаша білген Құдайберген Айтбайұлының жарқын бейнесі оны білетіндердің жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – деп жазылған жеделхатта.
Димаш – марқұм атасы Құдайберген мен әжесі Миуаның тұңғыш немересі. 2019 жылы Құдайберген Айтбаев "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған. 2018 жылы Димаштың ата-әжесі үйленгендеріне елу жыл толуына орай "Алтын тойларын" өткізген болатын.