Мемлекет басшысы: Өзбекстан – қазақ еліне бауырлас мемлекет

397

Қазақстан мен Өзбекстан екіжақты қарым-қатынасты одан әрі кеңейтуге мүдделі. 

Мемлекет басшысы: Өзбекстан – қазақ еліне бауырлас мемлекет Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан басшысына ризашылығын білдірді.

"Туысқан өзбек халқының басшысын қазақ елінде қарсы алу – біз үшін үлкен құрмет, мәртебе. Өзбекстан – қазақ еліне бауырлас мемлекет, тату көрші, маңызды әрі сенімді серіктес. Халықтарымыздың мызғымас достығы ортақ тарихқа және құндылықтарға негізделген. Қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында тұрақты дамып келе жатыр. Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге айрықша көңіл бөлеміз. Былтыр одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін алдағы 10 жылға арналған стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз", - деді Мемлекет басшысы.

Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын дамытуға айрықша серпін береді, деп атап өтті Қазақстан Президенті. 

"Шавкат Мирзиёевпен шағын құрамда келіссөз өткіздік, бірқатар маңызды мәселені талқыладық. Бұл келіссөздер ашық әрі өзара қолдау ұғымында өтті. Біз қарым-қатынасымызды одан әрі кеңейтуге мүдделі екенімізді тағы да растадық. Мақсат-міндетімізді айқындадық. Ғасырлар бойы қалыптасқан мызғымас достық пен бауырластықты бекемдей түсіп, өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа белеске көтеру – екі елдің ортақ мақсаты. Екіжақты ықпалдастықты дамыту үшін бүгінгі кеңестің отырысы өте маңызды. Қабылданатын шешімдердің де стратегиялық мәні бар. Мен жоғарғы мемлекетаралық кеңестің жұмысы қазақ-өзбек қатынасын дамытуға тың серпін береді деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кету керек, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті Ақордада қарсы алғанын жазған болатынбыз.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу