Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Ата заң жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасын әзірлеу барысында қандай ұстанымдар қолданылғанын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біріншіден, 1995 жылы қабылданған Конституцияда кездесетін өрескел қателер, әртүрлі құқықтық шешімдерге жетелейтін терминдер мен тіркестер анықталды. Мысалы, қазіргі Конституцияда "Мемлекеттік Гимн" деп жазылған. Мұны көпшілік күнделікті "Мемлекеттік Әнұран" деп қолданады. Комиссия мүшелері Конституция жобасына "Мемлекеттік Әнұран" деп енгізуді ұсынды. Яғни, заңда көрсетілген нұсқа мен Ата заңда қолданылатын атау біріздендірілді. Сол секілді "әскерилендірілген құрамалар құруға" сөзі "әскерилендірілген жасақтар құруға" деп өзгертілді. Себебі "құрама" деген сөз қазір мүлде басқа мағынада қолданылады. "Жасақ" сөзі норманың мәнін толық ашады. Қолданыстағы Конституцияда "Сайлау тағайындайды" деген сөз бірнеше жерде кездеседі. "Сайлау тағайындалмайды", дұрысы – "сайлау өткізу туралы шешім қабылданады"", – деп атап өтті Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, осы жағдай да ескерілген.
"1995 жылы қабылданған Ата заңда "азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асырады" деген сөйлем бар. Калька аударма екені бірден байқалып тұр. Сондықтан оны "кешірім беру туралы шешім қабылдайды" деп өзгерту ұсынылды. "Түбегейлі принциптер" деген тіркес "негіз құраушы қағидаттар" деп алынды. Мұндай мысалдар өте көп. Бәрін айтып шығу мүмкін емес. Бұл жасалған жұмыстың бір шеті ғана", – деді ол.