Мемлекеттік тілде сөйлеймейтіндер әлі де көп – ҚХА

1000

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Майя Бекбаева елімізде қазақ тілінде сөйлеймейтін қазақстандықтар әлі де көп екенін, ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне баса мән беру керегін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мемлекеттік тілде сөйлеймейтіндер әлі де көп –  ҚХА

Ол журналист ретінде ұзақ жылдар бойы Қазақстан тарихын насихаттап жүргенін атап өтті. 

"Осы уақытқа дейін еліміздің тарихын кейбір азаматтар жақсы, кейбірі нашар білетінін түсіндім. Бұл рухани бірлігімізді қалыптастыратыны белгілі. Мұндай тәжірибеге ие болған соң мен елдегі басқа этнос өкілдері осындай ақпаратты білмейтінін анық түсіндім. Олар мемлекеттік ақпарат орбитасынан тыс қалып отыр", - деді Майя Бекбаева Сенатта өткен парламенттік тыңдауда.

Оның айтуынша, елімізде қазақ тілін үйрену мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне баса мән берген жөн.

"Мемлекеттік тілде сөйлеймейтін қазақстандықтар әлі де көп.  Бүгінде олар шетелдік БАҚ-тың ықпалында. Бұқаралық ақпарат құралдары арасында қоғамдағы жағдайды тұрақсыздандыруға, түсінбеушілік тудыруға бағыттайтындары да бар. Ал еліміздегі халықтың басым бөлігі бүгінге дейін тарихты (Қазақстан тарихын – автор), туған елінің географиясын жақсы білмейді", - деді төрағаның орынбасары. 

Майя Бекбаева мұндай мәселеге ерекше мән беру керек деген пікірде.
"Мысалы, жақында Қарағандыда Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімі берілді. Тарихты білетіндер үшін бұл қадам түсінікті, логикаға сай келеді. Алайда бұл шешімге, идеяға қарсы шыққандар да болды. Бұл мәселеде ұлтаралық араздықтың астары жоқ деп ойлаймын. Мәселе тарихты және Қазақстан үшін Әлихан Бөкейхан сынды тұлғаның маңызын білмеумен байланысты", - деді ҚХА төрағасының орынбасары.

Сөз соңында ол Қазақстанда ұлтаралық татулық пен бірлікті қалыптастыру үшін ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу