Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының шарты ойға қонымсыз – Наурыз Сайлаубай

451

Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай тұрғын үй бағдарламаларының тиімділігі туралы мәселе көтерді.

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының шарты ойға қонымсыз – Наурыз Сайлаубай Фото: parlam.kz

Оның сөзінше, бүгінгі таңда ипотекалық несиелердің бастапқы жарнасы тым жоғары, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мемлекет тарапынан барша қазақстандықтың баспаналы болуына жағдай барынша жасалып жатқан секілді. Бір қарағанда төмендетілген пайызбен ипотекалық несие алуға, кейін пәтерді сатып алу құқығына ие болуға мүмкіндік бар көрінеді. Алайда жылдап кезекке тұрғанымен, баспанаға қолы жетпей жүргендер жеткілікті. Себебі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының шарттары ойға қонымсыз", - деді ол депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда өңірлердегі сайлаушылардың денін тұрғын үй мәселесі алаңдатып отыр. 

"Айына республикадағы ең аз жалақы саналатын 85 мың-100 мың теңге ғана алатын адамдар ипотекалық несиенің бастапқы жарнасын да жинай алмай отыр. 20-30 пайыз бастапқы жарна өте көп болып тұр. (...) "7-20-25" бағдарламасы бойынша көп адам ипотека рәсімдей алмай жүр. Бұл бағдарламаға жылына 100 млрд теңге бөлінеді, айына шаққанда 8,3 млрд теңге. Осы қаражатты банктерге бөлсек, бір банк тек 70 адамға ғана ипотекалық несие бере алады", - деп жалғастырды спикер.

Халық қалаулысы ел азаматтарын баспананамен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар ұсыныс тастады.

Соның бірі – тұрғын үй бағдарламаларының шарттарын өзгерту.  

"Екіншіден, жастар санатына келсек, оларға 5% пайыз алғашқы жарнамен және 5% пайыздық ставкамен ортақ бағдарлама керек. Әр өңірге әртүрлі атаумен бағдарлама ойластыра бергенше, бір ортақ бағдарлама жасалса игі. Ешкімді бөліп жармай, өз қаласында кем дегенде 1 жыл жұмыс өтілі бар 35 жасқа дейінгі жастардың барлығын қатыстырған жөн. Ал прописка сұрату талабын алып тастау қажет, себебі баспанасы жоқ жастар кімнің үйіне тіркеледі? Ел болашағы жастардың қолында дейміз. Үй-күйі жоқ жастардан қандай болашақ күтеміз?", - деп атап өтті ол.

Айта кету керек, осыған дейін депутат Дәулет Тұрлыханов кальян қолдануға тыйым салуды ұсынғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу