9 маусым күні, айдың-күннің аманында жансақтау бөлімінен бірақ шыққан қатардағы сарбаз Нұржігіт Асанұлының беті әлі бері қарамаған. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы ауыр. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Massaget TV-ға сілтеме жасап хабарлайды.
2024 жылы, 15 мамырда өз еркімен әскерге кеткен 19 жастағы Қостанайлық Нұржігіт Асанұлы 9 маусымда Қордай аудандық ауруханасының комасына түскен. Жамбыл облысындағы Отар ауылындағы N30212 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге кеткен сарбаздың жағдайы әзірге жұмбақ.
Қайғылы оқиға, 9 маусымда Нұржігіттің анасы Жанна Жаналинаға, әскери полиция қызметкері қоңырау шалғанда белгілі болған. Олар баланың ЖРВИ диагнозымен әскери-медициналық орталыққа түскенін жеткізіпті. Алайда, сарбаздың жағдайы нашар екені артынша белгілі болған.
"Баламды көрсетіңдер!"
Сарбаздың анасы, баласымен жиі байланысып тұрғанын айтады. Бірақ соңғы рет 7 маусымда телефон соққанда, нашар байланыс кесірінен баланың даусы естілмеген.
"Нұржігітпен соңғы рет 5 маусымда сөйлестім. Ол кезде "мама, уайымдамаңыз, бәрі жақсы" деген. Кейін, 7 маусымда тілдеспек болып хабарласқанымызда, баламның нашар байланыстан, қыжылдап шыққан "Алло, мама, мама..." дегенінен басқа ештеңе естімедім", - дейді анасы Жанна Жаналина.
Бірақ осыдан кейін баланың жағдайын Жанна Жаналина тек әскери полициядан естіген.
"Тоғызы күні, таңға жуық, әскери полиция қызметкері соғып, баламның ЖРВИ диагнозымен ауруханада жатқанын жеткізді. Бірақ, еш алаңдамауымды, бәрі жақсы екенін қайта-қайта қайталады. Сол кезде ішім бір жамандықты сезгендей болды. Хабарласқан адамға баламды бейне қоңыраумен көрсетуді сұрап, оны көрмесем тыншымайтынымды жеткіздім. Әскери полиция қызметкері сонда "Қазір, командирге ескертейін. Балаңыз өзі сізге байланысқа шығады" деп мені тыныштандырды" , - дейді анасы Жанна Жаналина.
Бірақ, сарбаз анасына келесі қоңырау баладан емес, командирден түскен. Ол, баланың жағдайы ауыр екенін, қазір комада арнайы апаратқа қосылғанын жеткізіп, науқасқа қарап отырған дәрігердің нөмерін берген. Дәрігер Жанна Жаналинаға балаға ЖРВИ диагнозы қойылғанын, пациенттің екі өкпесі қабынғанын айтып, ата-анасының жедел Қордайға келуін сұрапты.
"Денесі мұздай, қорқып кеттік..."
Баласының аяқ-асты өкпесі қабынғанына анасы сенбейтінін жеткізді. Өйткені "үйден кеткеніне әлі ай болмаған, әскери медициналық тексерістен толық өткен, әрі спортпен айналысатын баланың аз уақытта ауырып қалуы күмәнді", дейді Жанна Жаналина.
"Дәрігерлерге тоқтамай хабарласып мән-жағдайды анықтаған соң жолдасыммен дереу жолға шықтық. Қордайға жақын отырған туған-туыстарыма хабарласып, біз барғанша балаға бас көз болыңдар деп, оларды ауруханаға бағыттадық. Кейін, олардан естіген жағдайлардан, мен жағамды ұстадым, - дейді анасы Жанна Жаналина.
Ауруханаға барған жігіттің туыстары, оны көрсек деп палатасына кірген. Баланың денесін қарап, аяқ-қолын ұстап көрген жақындары артық бір соққы белгісін байқамаса да, дененің мұздай екенін сезген. Жақындарының сұрауына дәрігер "балада клиникалық өлім" болды деп жауап қатқан.
"Мені кіші сержант ұрды"
Сарбаздың ата-анасы алғашқы қоңырау түскен күннің ертесінде Қордай ауданына барған. Ауруханаға жеткен пациент жақындарын дәрігерлер күтіп алып, баланың толық жағдайымен таныстырыпты. Кейінірек баласын көрген ата-ана, ұлының денесінен күдікті нәрсені байқаған.
"Дәрігерлер "баланың ертеңін болжап айта аламаймыз, өйткені жағдайы өте ауыр", - деді. Баланы көрмек ниетте біз де палатаға бардық. Ең бірінші үсті-басын толық тексеріп шықтым. Көгерген, қызарған жерлер байқалмады. Десе де бір бүйіріндегі сарғыш-қоңыр дақ назарымды аудартты. Бейне бір енді қайтып келе жатқан соққы ізі сияқты", - дейді әкесі Тимур Жаналин
Дәрігерлер осы сәтте стерильді аумақта көп болуға болмайтынын ескертіп, пациенттің ата-анасын шығарып салған. Ауруханадан шыға сала уақыт жоғалтпай істің мән-жайын білу үшін, баланың жақындары әскери бөлімшеге жол тартқан.
"Бізді әскери бөлімшеге дейін әскери қызметкерлері алып жүрді. Бөлімшеде алдымыздан тергеуші шықты. Ол тергеу кезінде бірнеше фактілер анықталғанын жеткізді. Тергеушінің сөзінше, 6 маусым күні, сапқа тұру кезінде бір оқиға орын алған. Куәгерлер де бар екен", - дейді әкесі Тимур Жаналин.
Куәгерлердің сөзінше 6 маусым күні, әдепкі сапқа тұру барысында Д. есімді кіші сержант қатардағы жауынгер Нұржігіт Асанұлының ішінен ұрған. Оқиғаға сарбаздың қолын қалтасына салып тұрғаны себеп болған.
"Баламыз әскерге кетер кезде, тамағы ауырғанын айтып спрей алдыртқан еді. Міне, сол сапқа тұру кезінде, Нұржігіт дәрісін қалтасына салып жатқанда, Сержант оны басқаша түсініп ұрып жіберген. Жанында бірге болған куәгерлердің сөзінше одан ауырсынған дауыс шыққан. Десе де, өз әлсіздігін көрсетпеу үшін, балам, бәрі жақсы деп, сапқа қайта тұрыпты" , - дейді әкесі Тимур Жаналин тергеушінің сөзін негізге келтіре.
Бірақ, ертесіне сарбаздың жүрегі айнып, іші ауырып, әлсірей бастаған. Өзге сарбаздар хәлін сұрағанда ауырып тұрғанын жеткізген. Солайша әбден әлі құрыған сарбаз бүк түсіп, отырып қалыпты. Жолдастары мән-жайды командирге баяндап, баланы санитарлық бөлімге жеткізіп берген. Десе де жауынгердің жағдайы одан әрі нашарлап, мамандар оны 8 маусым күні санитарлық бөлімнен госпиталға, одан да оңалмаған соң, 9 маусым күні госпиталдан Қордайдағы азаматтық ауруханаға жеткізген. Қазір сарбазды Алматы қаласына транспортация бойынша алдырып алған.
Қордай ауруханасында медбикелер баладан сұрау алып жатқан кезде, сарбаз "Мені кіші сержант соқты" деп жауап қатыпты.
Сарбаздың ата-анасы істің әзірге тек Қылмыстық Кодексi 451-бап. 1-тармақ "билікті асыра пайдалану" бойынша қаралып жатқанына наразы. Олар істі 106-бап. "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" бойынша да қаралу керек деген талап арыздарын жеткізді.
Ауыр халде түскен науқастың беті әлі бері қарамаған. Дәрігерлер сарбаздың ата-анасына қуантарлық жаңалық әзірге жоқ дейді.
"Әр кірген сайын "балам есіңді жишы" деймін. Бір кезде "қашанғы жата бересің" деп басынан сипағанымда, қол аяғын көтеріп ұмтылыс жасап еді. Бірақ дәрігерлер бұл баланың сыртқы қоздырғаштарға реакциясы, ол саналы емес, сондықтан бұл фактіге қатты қуанбаңыздар дейді. Бірақ үміт шіркін жібермейді..." , - дейді Жанна Жаналина.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери бөлімде мерзімді қызметін атқарып жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты істі бақылауға алуды тапсырған еді. Қазір сарбаздың ата-анасы адвокаттармен бірге жұмыс жасап, істі ілгерлетіп келеді. Күдікті әзірге 10 күндік әкімшілік қамаққа алынған.