Мердігер компания үй құрылысын аяқтаудан бас тартты

714

69 пәтерлі үй жоспар бойынша 2020 жылы пайдалануға берілуге тиіс болған.

Мердігер компания үй құрылысын аяқтаудан бас тартты

Ақтөбеде мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үйдің құрылысы үш жылдан бері аяқталмай тұр. Баспананың алғашқы жарнасын әзірлеп, төлем қабілетін растайтын құжатын алып қойған тұрғындар пәтерлерін күтіп әбден мезі болған. 

– Тоғыз қабатты үйдің өзін салып бітіретін уақыт болды. Бес емес, тоғыз емес, кішкентай ғана үш қабатты үй ғой, білмеймін неге бұлай кешіктіргенін. Жылда жаңа жылда кіресіңдер деп дәмелендіріп қояды. Келіп-кетіп жүрміз. Сыртына қарасаң, бітіп тұрған үй, тек есігі, линолеумі, сантехника жағы қалды дейді. Алмаймыз деп бас тартуға, біздер енді  төлеп қойғасын, әрі ыңғайлы бағдарлама болды. Әрі қазір үйдің бағасы да шарықтап кетті,  дейді қала тұрғыны Шаңдыбай Сәдуов. 

Қарғалы тұрғын үй алабындағы үшқабатты 69 пәтерлі үй жоспар бойынша 2020 жылы пайдалануға берілуі тиіс болған. Жобалық құны – 500 млн 634 мың теңге. Ақтөбе қалалық құрылыс бөліміндегілер барлық жұмыстың 90 пайызы жасалғанын айтады. Қалып тұрғаны  ішкі жұмыстары екен. Үйдің құрылысымен айналысқан мердігер компания жұмысты тоқтатуға шешім қабылдаған. 

– Мердігер онысын құрылыс материалдарының қымбаттап кетуімен байланыстырды. Біз өз тарапымыздан жобалаушы мамандармен, ұйымдармен бірігіп, бұл үйді аяқтау үшін келісімшарт сомасын ұлғайту мәселесін қарастырып жатырмыз. Экспертиза жасалуы керек. Мақұлданса, әрі қарай қаражат бөлініп, жұмыстар жанданады. Дәл қазір нақты қанша сома туралы сөз қозғалды, ол жағын айта алмаймын. Өйткені жан-жақты талқылау қажет, – деді Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Жантөрин. 

Зада Зейін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу