Мердігерлер міндетін неге мүлтіксіз атқармайды?!

1772

Жамбыл облысының Жуалы ауданында 2 нысанның құрылысы бірнеше жылдан бері аяқталмай тұр.

Мердігерлер міндетін неге мүлтіксіз атқармайды?! Фото: Таласбек Керей

Жамбыл облысының Жуалы ауданында құрылысы жылдан-жылға созылып келе жатқан бірнеше нысан бар. Бірі – Жуалы ауданының Қайрат ауылындағы мәдениет үйі.

Нысанның құрылысы 2022 жылдың 13 шілдесінде басталған. Жоспар бойынша 2023 жылдың 13 наурызында пайдалануға берілуі керек болған. Тағы бір нысан – 2021 жылы қазығы қағылған спорт кешенінің құрылысы. Келісімшарт бойынша 2022 жылдың сәуір айында спорт кешенінің құрылысы аяқталуы керек еді. Алайда екі нысан да әлі күнге дейін ел игілігіне берілмей тұр. 

Басы тәп-тәуір басталған құрылыс жұмыстарының соңы неге сиырқұйымшақтанып кеткенін Жуалы ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саурбаевтан сұрадық. Бөлім басшысының айтуынша, спорт кешенінің мердігері шымкенттік "Әділ-Құрылыс и К" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Пандемияға байланысты құрылыс материалдарының бағасы қымбаттап, мердігер компания құрылыс жұмыстарын жалғастырудан бас тартыпты. 

"Мердігер компаниямен ортадағы келісімшартты бұзып, сотқа талап-арыз берілді. Дегенмен талап-арыз толықтай қанағаттандырылмады. Сондықтан апеллиялық шағым түсірілді.

Енді мердігер компания шығынға батқандарын айтып, ұтып алған қаражаттың үстінен қосымша тағы сұрап отыр. Егер 70 миллион берсек, нысан құрылысын толықтай аяқтайтындарын айтуда. Қазір құрылыс жұмыстары жартылай аяқталған деуге болады. Сондықтан мердігер компанияның сұрап отырған қаржысы негізсіз", - дейді Нұрсұлтан Саурбаев.

Ал Қайрат ауылындағы 149 орындық мәдениет үйінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын алғашқыда мердігер "ЕрК Астана" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп бастаған. 

"2022 жылдың 26 желтоқсанында нысанның құрылысы барысында кемшіліктер орын алуы бойынша №10-700 хабарлама Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасына жолданды. Басқарма 2023 жылдың 30 қаңтарында нысанда кемшіліктер бойынша тексеріс жүргізіп, айыппұл салуға хаттама толтырып, мердігерді құрылыс жұмыстарын орындау лицензиясынан айырды. Мердігердің басқарма жүргізген тексеру актісінің күшін жою бойынша сотқа берген талап-арызы қанағаттандырылмады. 2023 жылдың 12 маусымындағы тапсырыс беруші тарапынан келісімшартты мәжбүрлеп аяқтауды міндеттеуге байланысты сотқа талап-арыз беріліп, сот қарауында келісімшартты бұзуға нұсқау берілді, келісімшарт бұзылды. 2023 жылдың 6 қарашасында Жамбыл облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына аванстық төлемді қайтару бойынша талап-арыз берілді.

2023 жылдың 14 қарашасында мердігердің бюджетке аванстық қаржыны қайтаруы туралы №3115-23-00-2/2667 санды сот ұйғарымы шықты. Қазіргі таңда мәдениет үйі объектісінің екінші мердігері "Bek stroy 2010" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып анықталып, құрылыс жұмыстары орындалуда. Құрылысты 2024 жылдың наурыз айында аяқтау көзделіп отыр", - дейді бөлім басшысы Нұрсұлтан Саурбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу