Одесса облысының губернаторы Михаил Саакашвили отставкаға кететін боп шешті.
"Мен отставкаға кетіп, жаңа күрес кезеңін бастамақшымын", – деді ол Одессада өткен брифингте. Бұл туралы "КоммерсантЪ" жазды.
Саакашвили мырзаның пайымдауынша, елді жемқорлық жайлап алды, ал шенеуніктердің кірістері туралы жуырда жария болған электрондық декларация оның шыдамын шегіне жеткізген көрінеді.
"Мен одессалықтарды тағдырдың талқысына қалдырғым келмейді. Дегенмен біз Одессаны міндетті түрде аяғынан тұрғызамыз. Мен осында келгенімде бұл жер де Батуми секілді қарқынды дамыса дедім. Бірақ Батуми Тбилисиді жемқорлықтан ада етілген соң ғана барып дами бастады. Одесса да Киев қарақшылар мен жүгенсіздердің қорғаны болып отырған жемқорлардан тазартылған соң гүлденетін болады", – деп мәлімдеді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Грузияның бұрынғы президенті 2015 жылдың 30 мамырынан бері Одесса облысының мемлекеттік әкімшілігінің басшысы болып қызмет атқарды. Украинада қабылданған жаңа жүйе бойынша лауазымды тұлғалар өзінің байлығын қоғамның талқысына салып, жеке мүлкін ерікті түрде хаттап беруі тиіс еді. Нәтижесінде, күтпеген жәйттер орын алды: шенеуніктер декларацияда алдағы кірістерін заңдастыру ниетімен қолдарындағы сомадан әлдеқайда көп қаражат көлемін көрсеткен.