Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бірыңғай уақыт белдеуі азаматтардың денсаулығына кері әсерін тигізген жоқ екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер ведомство басшысынан "Бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы петицияға қол қойғандардың саны 50 мыңнан асты. Сіз уақыт белдеуін қайтару керек ойламайсыз ба?" деп сұрады.
"Уақыт белдеуі мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланды. Бұл жұмысқа еліміздегі ғылыми орталықтар тартылды. Сондықтан да бұл шешім ғылыми деректерге сүйене отырып жасалған деуге болады. Екіншіден, сағат белдеуі өзгергеннен кейін емханаларға немесе ауруханаларға түсіп жатқан науқастардың айтарлықтай санын байқап отырған жоқпыз. Сондықтан денсаулыққа кері әсерін тигізген жоқ деп айтуға негіз бар. Негізінен Шығыс Қазақстан облысындағы азаматтар күннің тез шығуы мен батуына байланысты осы мәселені көтеріп отыр. Денсаулыққа байланысты мәселе көріп тұрған жоқпын", - деп жауап берді Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Айта кету керек, осыған дейін бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруға қатысты петицияны Үкімет қарайтынын жазған болатынбыз.