Депутаттардың айтуына қарағанда министрлер ауылға бармайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Журналистер осыған байланысты кулуарда Әлібек Қуантыровтың өзіне сауал қойды.
Арада дилог былайша өрбіді:
"Министр мырза, депутаттар сіздің ауылға бармайтыныңызды айтып жатыр. Рас па? Өзіңіз бір ауылға бардыңыз ба?".
"Бір ауылға бардым. Өткен айда. Сол... бір ауылды көріп.... "Ауыл – ел бесігі" бойынша. Бірақ қаладан алыс ауыл емес ол. Қостанай қаласынан. Келесіде жоспарым бар. Кішкене алыста орналасқан ауылдарды да аралап шығу керек", - деді министр Қуанытров.
"Депутаттар жауаптарыңызға риза болмады. Оның себебі не?" - деп сұрады журналист.
"Себебі бұл өте күрделі мәселе. Қалай жауап берсем де... күрделі мәселе", - деді министр.
Қуантыровтың жиында оқыған баяндамасына үңілсек, 2019-2021 жылдарға 206 млрд теңге бөлінген. Елдегі 6300 ауылдың ішінен халықтың басым бөлігі (89 пайыз) 3,5 мың ауыл таңдалып алынған.
"1 қаңтардағы жағдай бойынша бағдарлама бар-жоғы 660 ауылды қамтыған. Яғни 3 жылдың ішінде бағдарламаның қызығын бар-жоғы ауылдардың 18 пайызы ғана көрген", - деп сынайды депутат Альберт Рау.