Ауыл халқы "Ауыл – ел бесігі" жобасының қызығын көре алмай отыр

886

Мемлекеттен "Ауыл – ел бесігі" жобасына бөлінген қаражат тиімді жұмсалған жоқ. Жобаның қызығын бар-жоғы 660 ауыл көрген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Альберт Рау Парламентте өткен үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ауыл халқы "Ауыл – ел бесігі" жобасының қызығын көре алмай отыр

"Жоба аясында 6 300 ауылды елдімекеннің ішінде "Ауыл – ел бесігі" бойынша 3 500 ауыл таңдалып алған еді. 1 қаңтардағы жағдай бойынша бағдарлама бар-жоғы 660 ауылды қамтыған. Яғни 3 жылдың ішінде бағдарламаның қызығын бар-жоғы ауылдардың 18 пайызы ғана көрген. Оған қоса осы бағдарламамен алдағы 4 жылда 2 870 ауыл қамтылуы керек. Алайда ұлттық жобаның орындалмай қалу тәуекелі қазірдің өзінде байқалады",  дейді Альберт Рау.

Депутаттың айтуынша, сонымен қатар жаңғыртылған ауыл деген не деген түсініктің өзінде Ұлттық экономика министрлігімен депутаттардың көзқарасы екіге жарылады. Ауылда бір жоба жүзеге асса, болды бітті деп, сол ауылға қарамай қалу жағдайлары көп екен.

"Жаңғыртылған ауыл деген осы ма? Алдағы 2 жылда тірек ауылдарды дамыту керек деп есептейміз. Әйтпесе бұл қаражатты желге шашу болып кетеді. Екінші проблема – іске асқан жобалардың санымен жарысу. Бұл да сапалы көрсеткіш бола алмайды. Мәселен, республикалық бюджеттен аудандық аурухананы жөндеуге бөлінген қаражат кейбір жобалардың санын арттыру үшін ғана басқа жаққа бөлініп кете берген. Депутаттар анықтаған тағы бір проблема – әлеуетті ауылдар жобаға мүлде кіргізілмеген. Неліктен? Осындай формальды әдістер анықталып жатыр",  деп сынайды депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу