Мойынқұмдағы 9 елді мекенді газдандыру бойынша әзірленген 7 жоба 2024-2026 жылдардағы республикалық бюджетке енгізілмеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Басты себебі – қаржы жетіспеушілігі.
"Парламент Мәжілісінде өткен республикалық бюджетті талқылау барысында көкейтесті мәселенің бірі, 30 мың адамның жанайқайы - Мойынқұм ауданын газбен қамту мәселесі бойынша Энергетика министріне нақты сауалдар қойдым. Қаржы жетіспейтіндігін сылтауратып, ауданды газдандыру мәселесін 2024-2026 жылдардағы бюджеттен алып тастапты. Ел бюджетін талқылап бекіту шарасында қалай болғанда да құжаттары дайын Мойынқұм өңіріне газ тарту мәселесін шешуіміз қажет. Осы бюджет бекітілгенше бұл мәселені шешуді Мәжілістің күн тәртібінен түсірмеймін", - дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов.
Жамбыл облысының Мойынқұм – осы аймақтағы ең шалғай жатқан аудан. Қазір ауданда 30 мыңнан астам халық тұрады.
Елді мекендер мен ауыл-аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында газдандыру бойынша 7 жоба әзірленіп, газ құбырларын тарту жұмыстары 4 кезеңге жоспарланған.
Сметалық жобалар бойынша газ құбырларының болжамды ұзындығы – 103,6 шақырымды құрайды. Оған республикалық бюджеттен 31,477 миллион теңге қажет.
Мойынқұм ауданы әкімдігінің тиісті бөлім мамандарының сөзіне сүйенсек, былтыр мамыр айында бірінші кезең бойынша мемлекеттік сараптама оң қорытынды шығарған.
Ал 2 кезеңнің жобасы биыл маусым айында, 3 кезеңдікі шілде айында мемлекеттік сараптамаға ұсынылған.
Шілде айында Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаттары Қанат Көшербаев пен Бекболат Өткелбаев Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықовтың қабылдауында болып, 30 мың халықтың аманат тілегін жеткізген екен. Энергетика министрлігіне де депутаттық сауал жолдаған. Алайда бұл мәселе тағы да шешімін таппай отыр.
Мойынқұмдықтардың айтуынша, жергілікті атқарушы билік ауданға 2018 жылы газ құбыры тартылады деп уәде берген екен. Содан бері 5 жылда бұл мәселе оң шешімін таппай келеді.