Мүгедектер енді тікелей БҰҰ-ға жүгіне алады

592

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында "Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау" туралы заң қабылданды.

Мүгедектер енді тікелей БҰҰ-ға жүгіне алады Фото: Хабар24

Факультативтік хаттаманы ратификациялау мемлекетіміздегі мүгедектігі бар азаматтарға мүгедектердің құқықтары жөніндегі БҰҰ комитетіне жеке хабарламалар (шағымдар) жіберуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бүгінде елімізде мүгедектігі бар азаматтардың саны 700 мыңнан асты, бұл ел халқының жалпы санының шамамен 3,7%-ын құрайды. Сондықтан мүгедек адамдардың құқықтарын іске асыру және олардың өмір сүру жағдайын жақсарту – біздің мемлекетіміз үшін өзекті мәселе. 

2008 жылғы желтоқсанда Қазақстан Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға және конвенцияға Факультативтік хаттамаға қол қойды, ал 2015 жылы Конвенцияны ратификациялады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 22 қазанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында "Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау" рәсімдерін аяқтауды тапсырды. Бүгінгі Сенат отырысында сенатор Ляззат Қалтаева осы заңнаманы қабылдау жөнінде өтініш білдірді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Заң қабылданды.

Факультативтік хаттамаға сәйкес, мүгедектігі бар азаматтар Конвенцияның ережелері бұзылған жағдайда осы комитетке хабарлама немесе шағыммен жүгіне алады. 

Ерекше атап өтетін мәселе – Комитет шағымданушы аноним болып қалғысы келсе, оның шағымы Конвенцияның талаптары мен ережелеріне сәйкес келмесе, халықаралық талқылаудың немесе реттеудің басқа рәсімі шеңберінде қаралса, сондай-ақ ішкі қорғаудың барлық қолда бар шаралары пайдаланылмаған жағдайда, шағымды немесе хабарламаны қабылдамайды.

"Ішкі қорғау шаралары деп отырғанымыз – Қазақстандағы бізге белгілі үш сот жүйесі. Яғни шағымданушы барлық сот жүйелерінен өтіп, мәселесінің шешімін таппаған жағдайда ғана БҰҰ Комитетіне жүгіне алады", - деп түсіндірді Назгүл Ерікқызы.

Егер келіп түскен шағым немесе хабарлама бойынша Конвенцияда бекітілген құқықтардың елеулі не жүйелі түрде бұзылғаны ділелденсе, Комитет өзінің ұсыныстары мен ұсынымдарын тиісті Қатысушы мемлекетке және өтініш берушіге жібереді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу