Америкалық мұнай қорының қысқаруына байланысты "қара алтын" құны көтеріліп келеді. Оның үстіне Қытай мен АҚШ арасындағы сауда келісімінің мерзімі жақындады. Ресми мәліметке сүйенсек, АҚШ-тағы шикізат қоры өткен аптада 7,9 млн баррельге азайған.
Bloomberg агенттігінің соңғы дерегі бойынша, Лондондағы ICE Futures биржасында 2019 жылдың ақпанындағы жеткізіліммен Brent сұрыпты мұнай фьючерсі 16 центке қымбаттап, баррелі 67,36 доллар болды.
Ал Лондон және Нью-Йорк биржаларында қаңтардағы жеткізіліммен, электрондық сауда барысында WTI маркалы жеңіл мұнай фьючерстері 15 центке көтеріліп, баррелі 61,26 долларды құрады.
"Жыл соңына қарай мұнай нарығы оңалып келеді. Бейжің мен Вашингтон арасындағы сауда тартысы сәл де болса басылды. Сонымен қатар ОПЕК+ елдері мен серіктестері шикізат өндірісін қысқартуға келіскен болатын. Бұл факторлар "қара алтын" бағасының келесі жылы да көтерілуіне біраз уақыт түрткі болады", – деді AxiTrader Ltd. сарапшысы Стивен Иннес.
Табиғат Нұрболат