Мұнай өндіру көлемі 2023 жылы 99 миллион тоннаға дейін ұлғаяды - Тимур Сүлейменов

1063

Мұнай өндіру көлемі 2023 жылы 99 миллион тоннаға дейін ұлғаяды - Тимур Сүлейменов

Парламент мәжілісінің пленарлық отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов халықаралық валюта қорының болжамдарына сәйкес 2018–2019 жылдары әлемдік экономика 3,9% деңгейінде біртіндеп өседі деп күтілетінін атап өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.

2019 жылы әлемдік қаржы ұйымдарының мұнай бағасының бәтуа-болжамы барреліне $66,7 құрайды. Бұны ескергенде негізгі сценарий кезінде мұнай бағасы $60 деңгейінде анықталған.

"ЖІӨ нақты өсімі 2019 жылы 3,9% деңгейінде, 2023 жылы 4,6 % дейін өседі деп болжанған. ЖІӨ-нің орташа жылдық өсім қарқыны 4,2% құрайды. Атаулы ЖІӨ 2019 жылы 64 145,7 млрд теңгеден 2023 жылы 86 944,7 млрд теңгеге дейін өседі. Жан басына шаққанда ЖІӨ 2019 жылы $9,9 мыңды құрайды, 2023 жылы $12,9 мың дейін өседі", — деді Тимур Сүлейменов.

Орташа мерзімді перспективада экономикалық белсенділік өсімінің негізгі қозғаушы күші өңдеу және АӨК салалары, құрылыс индустриясы, көлік-логистика саласы және сервистік экономика болмақ. Өңдеу өнеркәсібі 4,4 %-ға, тау-кен өндіру өнеркәсібі 3%-ға өседі. Ауыл шаруашылығында — 6,4 %, құрылыс саласында — 4,2 % және сауда-саттықта — 4,6 % деңгейінде тұрақты қарқын сақталады. 2019 жылы экспорт көлемі $56,5 млрд құрайды, 2023 жылы $68,5 млрд-қа дейін өседі.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлемін ұлғайту мен Теңізшевройлды болашақта кеңейту жобасы есебінен мұнай өндіру көлемі 2019 жылы 88 млн тоннадан 2023 жылы 99 млн тоннаға дейін ұлғаяды.

Бұдан өзге, макроэкономикалық болжам негізінде 2019–2021 жылдарға арналған бюджеттік параметрлер болжамы әзірленген. 2019 жылы республикалық бюджет кірістері (трансферттерсіз) 6809,7 млрд теңге көлемінде, 2020 жылы — 7382 млрд теңге, 2021 жылы — 8024,7 млрд теңге көлемінде болжамдалған. 2019 жылы бюджет тапшылығы 2018 жылғы деңгейде – ЖІӨ-ге 1,5 % деңгейінде жоспарланған, оны 2020 жылы ЖІӨ-ге 1,4 % дейін және 2021 жылы ЖІӨ-ге 1,3% дейін қысқарту көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу