Астанадағы мейрамханалардың бірінде өлтірілген Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов "Ертысбаев Live" youtube-арнасына берген сұхбатында тағы біраз деректердің шындығын ашты. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды.
Ол жуындыруға кіргенде қайтыс болған қарындасының мәйітінен біраз жарақаттарды байқаған. Қарындасының денесінде жантүршігерлік белгілер бар екенін айтып отыр.
"Маған бұл туралы айту өте ауыр. Алайда, Бишімбаевтың отбасындағы жағдайын жақсы білеміз. Сондықтан, біз тәуелсіз фото-видео түсірілім болғанын қалаймыз. Біз қарындасымыздың денесін толық түсірдік. Бас сүйегінде үлкен тесіктердің болғаны анықталды. Мен мұны өз көзіммен көрдім. Денесінің барлық жері көгерген. Егер сот немесе тергеу жұмыстары экспертизаның шешімімен келіспесе, онда біз осы фото-видеоларды ұсынып көрсетеміз", - деп түсіндірді Қайрат Нүкенов.
Қайрат Нүкеновтің айтуы бойынша, Бишімбаевты кешіруге және онымен татуласуға еш құқығы жоқ. Ол оны қайта өмір бойына соттатқысы келеді.
"Өздеріңіз білесіз, бұған дейін оған ауыр айып тағылды және ол сотталды. Бірақ, кешірім берілді. Арада 2-3 жыл өтіп, ол тағы қылмыс жасап отыр. Ешқандай пайдасы тимеді деген сөз. Сол үшін құқық қорғау органдарынан өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын. Өйткені, мұндай адам бостандықта жүрмеуі қажет. Бірнеше жылдан соң қайта бостандыққа шықса, тағы да ауыр қылмыстар жасауы ықтимал. Жалпы, мұндай адам қоғам үшін өте қауіпті", - деп қосты Салтанат Нүкенованың ағасы.
Еске сала кетейік, осыған дейін, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынғанын жазған болатынбыз.