Алматыдағы Полиция департаменті емханасының бас дәрігері "пара алу" күдігіне ілініп, 2 желтоқсанда екі айға қамауға алынған болатын. Оның адвокаты мен қыздары айып заңсыз тағылды деп есептейді.
"Пара алғанын терапевт мойындап отыр. Жалпы еңбекке жарамсыздық қағазын беру бас дәрігер емес, сол терапевтің жұмысы. Ал оған біздің анамыздың қатысы жоқ. Бірақ тергеушілердің қысымымен кінәні анамызға аударып отыруы мүмкін. Оның үстіне "кінәні мойындасаң бостандыққа барасың, мойындамасаң қамауда отырасың" деп, тергеуші анамызды мәжбүрлеген", – дейді қыздар.
Сармасаеваның адвокатының айтуынша, бұл емханада күш-құрылымдарының қызметкерлері тіркелген.
"Терапевтке қатысты 173 пара алу фактісі анықталып отыр. Демек осынша күш-құрылым қызметкері пара берген. Терапевтке қатысты іс сотқа жетпей тоқтатылуы мүмкін. Әйтпесе аталған қызметкердің бәрін де жазалауларына тура келеді", – деген болатын қорғаушы Сәуле Көбжанова.
Айта кетейік, Сармасаеваның қыздары кеше Antikor ғимаратының алдында акция өткізген.
Сонда Антикор өкілі Данияр Бегайдаров еңбекке жарамсыздық парағын аштырған, яғни "пара берді" делінген 173 адам "зейнеткер болуы мүмкін" деген пікірін айтқан.
"Оның бұл сөзі өте күлкілі. Ақтап алғысы келе ме? Зейнеткерлерге еңбекке жарамсыздық парағы неге керек?", – дейді Сармасаеваның қыздары.
Қыздар Жоғарғы сот ғимаратының алдында "бостандық пен әділдік" символы – көгершіндерді әуеге ұшырды. Істі назарға алуын сұрап Сот төрағасы Жақып Асановқа хат жазды.
Тасқын Болатұлы