НАТО-ға қай елдердің қауіп-қатер төндіріп отырғаны айтылды

Ұйым қазір Қытай, Ресей және Иран мен өзге де бағыттардан келетін қауіпке қарсы толық дайын екенін білдірді.  

НАТО-ға қай елдердің қауіп-қатер төндіріп отырғаны айтылды Фото: nato.int

Бұл туралы НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол Түркиядағы ресми сапарының алғашқы күнінде елдің қорғаныс министрі Яшар Гюлермен кездесіп, одақтастар арасындағы әскери ынтымақтастықты күшейту, қорғаныс шығындарын арттыру және әуе қорғаныс жүйелерін біріктіру мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, қорғаныс өнеркәсібіндегі серіктестікті кеңейтуге ерекше мән берілді.

Кейін ол Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен де жүздескен. Түркияның ірі қорғаныс компаниясы Aselsan кәсіпорнына барған соң Рютте қазіргі қауіптердің ауқымы кеңейгенін растады.

– Қауіп тек бір бағыттан келмейді. Ол Арктикадан Жерорта теңізіне дейін, ғарыштан теңіз түбіне дейін таралған. Зымырандар, дрондар және күрделі кибершабуылдар – бәрі қатар жүр, – деді ол.

НАТО басшысы әсіресе Ресейдің Украинадағы соғысын, Қытайдың әскери және ядролық әлеуетін күшейтуін, сондай-ақ Иранның тұрақсыздық тудыратын әрекеттерін ерекше атап өтті.

Рюттенің сөзінше, Түркия бұл қауіптерді нақты сезініп отыр. Соңғы апталарда ел аумағына бағытталған баллистикалық зымырандар дер кезінде жойылған. Бұл  альянстың қорғаныс жүйелері кез келген қауіпке дайын екенін көрсетсе керек-ті.

НАТО басшысы Aselsan компаниясының өндіріс пен инновацияны қатар дамыту тәжірибесін жоғары бағалап, мұндай бағыт НАТО үшін маңызды басымдыққа айналатынын жеткізді. Бұл шілде айында Анкарада өтетін НАТО саммитінде кеңінен талқыланбақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу