Соңғы бірнеше күнде жалған хабарламаға сенген борышкерлер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚРРФМ) өтінімдер жолдаған. Онда қазақстандықтар ипотекалық және тұтынушылық несиелерін есептен шығаруды талап етті. Қаржы реттеушісінің өкілі Дмитрий Акмаевтың айтуынша, агенттік мемлекеттік орган ретінде өтініштерді қабылдап, тіркеуі тиіс. Бірақ ол несиелік амнистия болмағанын және болмайтынын еске салды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Дмитрий Акмаев өтініштерді банк және микрокредиттік ұйым борышкерлері жазғанын айтты.
"Ал бізге хат жазған барлық қарыз алушылар алдымен несие берушімен осы жағдайды пысықтауы керек. Яғни егер олардың қаржылық жағдайы нашарлаған болса, бұл туралы дәлелдемелерді ұсынуы керек, ал несие беруші олардың өтінішін қарап, қарызды қайта құрылымдау, пайыздық мөлшерлемені төмендету, қайта қаржыландыру мәселесі, яғни борыштық жүктемені азайту бойынша кейбір шараларды қабылдауы міндетті. Бірақ қайталап айтамын, бұл қарыз алушының қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда ғана", – деді агенттік өкілі.
Қарыз мәселелерін соттан тыс шешу үшін шынымен проблемасы бар қарыз алушылармен ғана жұмыстар жүргізілетінін ескертті.
"Егер шынымен де қандай да бір мәселелер туындаса, несие беруші онымен жұмыс істейді. Ал егер несие берушімен ымыраға келіп үлгерсе, содан кейін біз реттеуші ретінде қосыламыз, қарыз алушының қаржылық жағдайын зерттейміз, талдаймыз. Несие берушінің әрекеттерінің заңдылығы, оның барлығы дұрыс әрекет етті ме, ол рәсімдерді сақтады ма, оның несие бойынша ықтимал есеп айырысу бойынша әрекеттері толық болды ма. Егер бәрі дұрыс болмаса, онда біз өтініш жазамыз. Егер несие беруші бәрін дұрыс жасаған болса, онда біз мұны жай ғана растаймыз. Ал егер біздің жағдайда ымыраға келу мүмкін болмаса, онда іс сотқа дейін барады", – деді Акмаев.
Оның айтуынша, қазақстандықтар әлі күнге дейін агенттік кеңсесіне өтініштерді әкелуде,
"Дүрбелеңнің жасанды түрде жасалғаны анық. Бұл несиелік амнистия туралы жалған ақпарат болды. Шындығында, қазір кредиттік амнистия туралы әңгіме жоқ. Бұл дұрыс түсіндірілмеген ақпарат. Бізде ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасы биыл аяқталады. Үшінші кезең халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына ипотекалық несие беруге арналған. Оншалықты көп емес – сегіз мыңнан сәл асады. Ал жалған ақпарат таратқан қоғам қайраткерлері "бұл бәріне ортақ" деп бұрмалап жіберді", – дейді Дмитрий Акмаев.
Еске сала кетсек, Алматыда несиелік рақымшылық жасалды деген хабарлама алған 250-ге жуық адам Алматыдағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ғимаратына келіп, ипотека мен несиелерін кешіруді талап етті.