Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңірдегі "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамедиевтің айтуынша, мемлекеттік қаражат есебінен 1559 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
"Бүгінгі таңда 200 мың шаршы метр, оның ішінде Петропавл қаласында 139,7 мың шаршы метр және облыс аудандарында 60,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2017 жылғы қаңтар-маусым аралығында мемлекет және халық қаражаты есебінен 55,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде, бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 144%-ды құрайды", — деп ақпараттандырды С. Мұхамедиев.
Сондай-ақ құрылыс басқармасының басшысы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" салымшылары мен ЖАО-да кезекте тұрған адамдар үшін қолжетімді тұрғын үй беру мақсатында Тұрғын үй құрылыс салымдары жүйесі арқылы несиеге берілетін тұрғын үй құрылысы жалғасатынын да айтып берді.
Бұдан бөлек, СҚО әкімдігінде хабарлағандай, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй қорын құру "Нұрлы жер" бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осы бағыт аясында биыл өңірде Петропавл қаласында 4 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ бағдарламада жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарына қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым өткізу іс-шаралары да көзделген.
Облыс әкімі пәтер мен жер учаскесін алуға кезекте тұрғандардың тізімін уақтылы жаңарту қажеттігіне, сондай-ақ осы ақпараттың барынша қолжетімді әрі ашық болуына баса назар аударды.