Депутат: Несиелік рақымшылық жариялау қажет

997

Банкке несиесін уақытылы төлей алмай жүрген азаматтар аз емес. Әсіресе пандемия басталғалы тірліктері ойдағыдай жүрмей, берешегіне ақша жеткізе алмай қалғандар көбейген. Осы күні қоғамда несиеге рақымшылық жасау мәселесі жиі қозғалып жүр.

Депутат: Несиелік рақымшылық жариялау қажет

Мысалы, 2021 жылғы 7 желтоқсанда әлеуметтік желілерде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша несиелік рақымшылық жарияланыпты деген ақпарат тарады. Артынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұған қатысты пікір білдірді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай ақпараттың дәйексіз екенін мәлімдеді.

Несиелік рақымшылық жариялау қажеттігін Парламент Мәжілісінің депутаты Азамат Әбілдаев та көтеріп жатыр. Депутат қарызға белшесінен батқандарға рақымшылық жасауды ұсынды және үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа сауалнама жөнелтті.

Халық қалаулысының сөзінше, Қазақстан халқының банктер алдындағы берешегі күн санап артып бара жатыр. Қазіргі уақытта халықтың 27 пайызы банктерге борышкер. Тұрғындардың ипотекалық несиедегі берешектері 2,716 триллион теңгеге жеткен. Тұтынушылық мақсаттарға алынған несие 5,19 триллион теңге, ал мерзімі өткен берешек 199 миллиард теңге.

Депутат өзекті мәселені ортаға салды. Ол елімізде заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заң бұрыннан жұмыс істеп келетінін айтады. Ал жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жоқ. Халық қарызға белшесінен батып барады.

Азамат Әбілдаев банкрот болған жеке тұлғаларға қолдау көрсету керек деп есептейді. Депутаттың сөзінше, тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосамыз деген ниетпен  жалғыз пәтерлерін кепілдікке қойып, несие алып, өз істерін бастаған азаматтардың бүгінде 90 пайызы несиені қайтара алмай, банкрот болып отыр. Банктер кепілдікке алынған мүлікті өздерінің ұнаған бағаларына сатып, қалған ақшаны борышкердің мойнына іліп қояды.

"Екінші деңгейдегі банктер Ұлттық банктің алдында провизия төлемес үшін бұл қарыздарды өздерінің жүйесінен жойып, коллекторлық компанияларына төменгі бағамен сатады. Бұдан жеке банктерді байытқаннан басқа, мемлекетке түсіп жатқан пайда жоқ", – деді депутат. Халық қалаулысы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын енгізу және коллекторлық компанияларды тізгіндеу әлеуметтік маңызды шара болар еді деген пікірде.

Шыны керек, банктер несиені беріп, халыққа көмектесіп жатқандай көрінеді. Бірақ ақшаны қайтарар кезінде түсіністік танытпайтыны рас.

"Бүгінгі күні банктер жанашырлық, мейірімділік сияқты құндылықтардан ада болған және олар қарақшылардан да жаман. Соңғы ақшаны ұры да алмайды дейді ғой, ал банктер керісінше әлеуметтік көмек пен зейнетақыға да қол сұғады. Мұндай жағдай адамды соңғы қадам жасауға – өзіне қол жұмсауға итермелейді", – деп дабыл қақты депутат.

Азамат Әбілдаев қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасап отырған мемлекет қаржылық қиындыққа тіреліп отырған азаматтарға да рақымшылық жасауы керектігін алға тартты.

"Олар да қоғамның бір бөлшегі. 199 миллиард теңге – мемлекет үшін түкке тұрмайды. Осыған байланысты оларға рақымшылық жасауды, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң енгізуді сұраймыз", – дейді депутат.

Халықтың несиесін кешіру әлемде бар тәжірибе. Мысалы, 2018 жылы Грузияда төленбеген несиелерді кешіру туралы шешім шығарылды. Монғолияда да 2020 жылы зейнеткерлердің несиесі кешірілді.

Кім біледі, депутат Азамат Әбілдаевтың жолдаған сауалына үкімет ден қойса жүзеге асып та кетер. Бірақ олай болуы екіталай-ау деген пікір де бар. Ал заң жобасы жасалып, қабылданса талай адамның желкесінен зіл батпан қарыз түсер еді.

Нағашыбек Алдан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу