Талдықорған қаласында марқұм Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Үшінші сотталушы Азамат Тоқтаубаевтан жауап алынып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жәбірленуші тараптың адвокаты "Эйфория" кафесінде отырған екі қызды танисыз ба?" деген сауал қойды.
Айыпталушы Азамат Тоқтаубаев оларды танымайтынын, дәмханада бірінші рет көргенін жеткізді.
Осыған байланысты қорғаушы Азамат Тоқтаубаевтан осыған дейін күдікті ретінде берген жауабын оқыды.
"Тергеушінің сұрағы: "4 қазан күні сағат 02.17-де "Эльмира инкубатор" деп сақталған абонентпен не жайлы сөйлестіңіз?". Жауап: "Ол Нұрбекова Эльмира болатын. Одан қайда кеткені туралы сұрадым. Ол полицейлер ұстағаны туралы айтты. Мен қазір барамын деп Тұрар Рысқулов ауылынан бір шақырым жерге бардым. Сол жерде полиция қызметкерлері тұрды". Сіз ол қыздарды бірінші рет көрген болсаңыз сізде Нұрбекованың номері қалай сақталған", - деді адвокат.
"Білмеймін. (Қазанның) үшінен төртіне қараған түні тауға барғанда жазып алған болатынмын. Нақты есімде жоқ", - деді сотталушы.
Айта кету керек, бұған дейін Шерзат ісіндегі үшінші сотталушы Азамат Тоқтаубаевтан жауап алынып жатқанын жазғанбыз. Тоқтаубаев Әскентай туралы өтірік айғақ бергенін айтты.