Енді қазақстандықтарға нотариаттық консультация алу үшін бар болғаны смартфон мен интернет қажет.
ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтың айтуынша, сервис білікті заңгерлік көмекке мұқтаж адамдар үшін тиімді құрал болмақ.
"Онлайн-кеңес беру арқылы азаматтар үйден немесе кеңседен шықпай-ақ нотариаттық қызметке байланысты құқықтық сұрақтарға жауап ала алады. Нотариустар кез-келген сұрақтарға жауап береді. Бұл уақытты үнемдеуге және уақтылы сенімді ақпарат алуға мүмкіндік береді", – деп атап өтті вице-министр.
Жобаның мақсаты - нотариаттық қызмет көрсетудің ыңғайлылығын, жеделдігі мен тиімділігін арттыру.
Қызметті алу үшін:
- "eGovMobile" қосымшасына кіру керек;
- Е-нотариат бөлімінде "Онлайн кеңес алу" қызмет түрін таңдап, өтінімді толтыруыңыз қажет;
- Кеңес алу үшін бейне қоңырау арқылы қажетті сұрағыңызды қоясыз;
- Банктердің мобильді қосымшалары арқылы 1 АЕК мөлшерінде нотариустың қызметін төлеу керексіз.