Нұр-Сұлтанда шенеуніктің ұлы жетім баланы қағып кетті

1049

Оқыс оқиға сол жағалауда болған.  

Нұр-Сұлтанда шенеуніктің ұлы жетім баланы қағып кетті

Елордада жаяу жүргінші жолымен өтіп бара жатқан баланы Toyota Camry 70 көлігі қағып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жүргізуші бірден тоқтамаған. Кейін көлікті шенеунің ұлы басқарғаны белгілі болды.

Қала тұрғыны Сара Бейсен оқиғаның қалай болғанын әлеуметтік желідегі парағында жазды.

"Жұма күні (30 сәуірде) қала орталығында жол апатының куәсі болдым. 1999 жылы туған жас жігіт жаяу жүргіншілер жолында жасөспірімді қағып, оқиға орнынан ізін суытпақ болды. Жол апатынан соң ол түк болмағандай көлігін фитнес-орталықтың автотұрағына қойып, спортпен айналысуды жоспарлады", - деп жазды тұрғын.

Кейін ол тағы бір куәгермен бірге оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем қызметін шақырған.

Оның айтуынша, зардап шеккен бала 17 жаста. Куәгерлер оның жағдайын және туған-туыстарын сұрағанда жасөспірім бірден жауап бермеген. Ол көзіне жас алып, әжесіне ештеңе айтпауды өтінген.

Сара Бейсен оның әке-шешесі жоқ, әжесі инсульт алып, сал болып қалғанын айтады. Жетім бала әжесінің денсаулығы үшін қатты алаңдаған.

Сондай-ақ ол интернет арқылы қымбат көлік мінген жас жігіттің әкесін анықтапты. Ол – Нұрғалиев Дамир Бақытұлы. Шенеунік қаржы министрлігіне қарайтын мемлекеттік кірістер комитетінде акциздерді әкімшілендіру басқармасына жетекшілік етеді екен.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті болған жағдайға қатысты түсінік берді.

"30 сәуірде сағат 15:13-те Toyota Camry мінген 21 жастағы көлік жүргізушісі Түркістан көшесімен Сығанақ жақтан келе жатқанда №2 үйдің жанында 2004 жылы туған жасөспірімді қағып кетті. Жолаушы белгіленген жерде жолдан өткен. Бүгінде жол апатынан зардап шеккен бала емделіп жатыр. Сот-медициналық сараптаманың нәтижесі бойынша дене жарақаттарының қаншалықты ауыр екені анықталады", - деп жазылды хабарламада.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға берілетінін атап өтті.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу