Елордада соқтығысқан қоғамдық автобустардың бірінде шетел азаматы да болған. Жарақат алған Филиппин азаматының жағдайы ауыр, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.
"Зардап шеккендер арасында 1983 жылғы Филиппин азаматы бар, оның жағдайы ауыр", – дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің жетекшісі Камалжан Надыров.
Оның айтуынша шетелдіктің көкірек қуысы жарақаттанып, жамбасы сынған.
Ал жалпы жол апатынан 35 адам зардап шеккен, екеуі көз жұмды. 23 жолаушы ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек алса, оның үшеуіне операция жасалуда, тағы төртеуін отаға дайындап жатыр.
"Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, сот-медициналық және авто-техникалық сараптамалар белгіленді. Олардың қорытындылары бойынша аталмыш оқиғаның мән-жайы анықталатын болады", – деп мәлімдеді елордалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова.