Парижде өткен Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағалиді жамбыл жұртшылығы ыстық ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Байрақты бәсекеде жасындай жарқылдаған жамбылдық жампозды жерлестері Тараз қаласындағы әуежайдан сән-салтанатымен қарсы алып, құрмет көрсетті. Бұдан соң салтанатты іс-шара Ж.Үшкемпіров атындағы "Тараз-Арена" спорт кешенінде жалғасты.
Жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, Паралимпиада жүлдегерін құттықтады. Облыс әкімі өз сөзінде Нұрдәулет Жұмағалидің қажырлы еңбек жолын өскелең ұрпаққа үлгі ете отырып, су жаңа "Tayota camry 75" маркалы автокөлігін және 2 бөлмелі баспананың кілтін табыстады.
Сонымен қатар, Паралимпиада жүлдегерінің бапкеріне "Haval" жол талғамайтын темір тұлпарды тарту етті.
Еске сала кетейік, Нұрдәулет Жұмағали Паралимпиада ойындарында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден күміс медаль жеңіп алды. Ол финалға дейінгі іріктеуде Азия рекордын орнатқан еді.
Спортшы өз мансабында екінші рет Паралимпиада жүлдесін алып отыр.