Талдықорған қаласында марқұм Шерзат Полаттың ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Талғар аудандық полиция басқармасында криминалдық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Медет Әділжан шақырылды. Ол ауруханада жатқанда Нұрғанат Ғайыпбаевтан жауап алып, мұны бейнеге түсірген.
Мемлекеттік айыптаушы "Сіз бейнежазбаны түсіретін кезде жәбірленуші Ғайыпбаевты бейнежазбаға түсірейін деп жатырмын деп ескерттіңіз бе? Құқықтары мен міндеттері түсіндірілді ме?" деп сұрады.
"Жоқ, ескерткен жоқпын", - деді Медет Әділжан.
Оның сөзінше, бейнежазба тіркелген уақытта қылмыстық іс тіркелген. Видеоны түсіру туралы тергеушінің қаулысы да шығарылмағаны айтылды.
"Ешқандай қаулы болмады. Біздің ең бірінші мақсатымыз – қылмысты ашу, куәгерлер мен күдіктілері анықтау. Сол мақсатта бейнежазбаны түсірдім. Қаулы шығарылған жоқ", - деді полицей.
Медет Әділжанға марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевты бейнежазбаға түсіру туралы жеке тапсырма да берілмеген, ол басшылықтан тиісті рұқсат та алмаған. Ол қандай бапқа сүйене отырып бұл әрекетті жасағанын да түсіндіріп бере алмады.
"Сіз өз әрекетіңізді заңды деп санайсыз ба?", - деді судья Ержан Жанұзақов.
"Заңды деп санаймын. Өйткені жұмыс барысында өзіме керек мәліметтерді сұрау мақсаты болды. Бапты қазір нақты айта алмаймын, есіме түспей тұр. (...) Сол жерде медбикелер жүрді. Сөйлесе ала ма деп жағдайын сұрадық. Мына палатада жатыр сөйлессеңіздер болады деді. Ғайыпбаевтан өзіміз де сұрадық. Видео түсіріп жатқан кезде медбике қасымызда болған жоқ", - деді полиция қызметкері.
Видеоның өзі 2024 жылдың 4 қазанында түсіріліп, іс материалдарына тек 15 қазанда тіркелген.