Антикор Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматуллинге іздеу жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталындағы деректен белгілі болды. Іздестіруді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізіп отыр. Прокуратура оны іздеуге бастамашылық жасаған.
"Нығматуллин Арғын Зайруллаұлы. Туған жылы: 28.06.1955, Қазақстан Республикасының азаматы, қазақ. Іздестіру ісі 2025 жылғы 3 наурызда "Астана" өңірінде тіркелді. Бастамашы: Прокуратура. Іздестіруді жүргізетін орган: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі", - делінген сайтта.
Арғын Нығматуллин 1955 жылы туған. Әр жылдары Қарағанды облысы мәслихатының депутаты, "Сарыарқа" хоккей клубының директоры болған.
Айта кету керек, 2024 жылдың шілде айында құны 900 млн теңге болатын "Сарыарқа" хоккей клубы мемлекетке қайтарылғанын жазғанбыз.