Нысанаға іліккен ұшақтар

1820

Тарихта қателіктер салдарынан апатқа ұшыраған ұшақтар туралы.

Нысанаға іліккен ұшақтар

Кеше ғана Иран билігі Тегеран қаласынан Киевке ұшпақ болған "Украинаның халықаралық әуе жолдары" (МАУ) компаниясына тиесілі Boeing 737-800 жолаушылар ұшағын "адам қателігі" салдарынан абайсызда атқанын мойындады.

Бұл ұшақ апаты176 адамның өмірін жалмағаны белгілі. Осы тектес оқиғалар бұған дейін де тарихта талай орын алды. Соларды еске түсіріп, тоқтала кетсек:

1973 жылы Ливиялық Libyan Arab Airlines компаниясының Триполи - Бенгази - Каир - Александрия - Бахрейн бағытындағы кезекті рейсін орындаған Boeing 727-224 ұшағы Синай түбегіндегі Исмаилия қаласының маңында апатқа ұшыраған еді. Оны Израиль әуе күштерінің жоюшы ұшақтары шабуыл жасап, құлақан.

Каир әуежайына қонуы керек болған лайнер навигациядағы ақаулық себебінен бағытын жоғалтып алып, сол кездегі Израиль бақылауында болған Синай түбегінің аумағына кіреді.

Израильдік радарлар әуе кемесін байқап қалып, дереу жойғыш ұшақтарын әуеге көтереді. Әскерилер алдымен ескерту оғын атып, Боингке қонуы керек екенін нұсқайды. Алайда азаматтық ұшақтың ұшқышы сигналдарды дұрыс түсінбей, қонуға бұйрық берілген аэродромға жақындап барып, батысқа қарай бет бұрады. Бұл әрекетті әскерилер Израильдің бақылауындағы әуе кеңістігінен шығу деп түсініп, жолаушылар ұшағына оқ жаудыра бастайды.

Ұшқыштар ұшақты апатты жағдайда шөл далаға қондыруға әрекеттеніп, құм төбеге соғылады. Бортта болған 104 жолаушы мен экипаждың тоғыз мүшесінен тек екінші ұшқыш пен төрт жолаушы ғана аман қалады.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымына мүше 30 ел Израильді айыптады. Кейін Израиль билігі қайтыс болған отбасыларға өтемақы төледі.

Ал 1978 жылы Кеңес әскерлері 1978 жылы 20 сәуірде Париж - Анкоридж - Сеул бағыты бойынша ұшқан Korean Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағын атып түсірді. Навигациядағы қателіктерге байланысты бағытынан ауытқыған ұшақ КСРО-ның әуе шекарасын бұзып, Мурманск облысындағы Кола түбегінің үстінен ұшады.

Әскерилер оны барлау кемесі деп қате пайымдайды. Әуе кемесінің бүйіріне таяу ұшып барған Су-15 жойғыш ұшағының ұшқышы лайнердің азаматтық екенін хабарлап айтады. Бірақ оған ешкім сенбей, ұшақты жою туралы бұйрық беріледі. Жойғыш ұшақ "әуе-әуе" зымыранын атып жіберіп, лайнердің қозғалтқышы мен қанатын зақымдайды. Лайнер Карелиядағы Корпиярви көліне мұз үстіне қонуға мәжбүр болды.

Лайнердің капитанының айтуынша, ол советтік жойғыш ұшаққа ілесуге ниет білдіріп, жылдамдықты баяулатып, навигациялық шамдарды қосқан.

Кеңес елінің мәліметтері бойынша, әуе кемесінің экипажы жерден бірнеше рет қойылған сұраққа жауап бермеген, әрі қону сигналдарын да қоспаған.

Оқ ату салдарынан жапондық және кореялық екі жолаушы қаза табады.

Рейстің 95 жолаушысы мен 12 экипаж мүшесін Карелиядағы Кем қаласында аз уақыт ұстап, соңынан қаза болған адамдардың денесімен бірге Хельсинкиге жеткізіледі.

Korean Air компаниясының ұшағы КСРО аумағында 1983 жылы тағы бір рет атып түсіріледі. Бұл жолы Нью-Йорк - Анкоридж - Сеул бағытында ұшқан Boeing 747 бортында 23 экипаж мүшесі мен 246 жолаушы болды.

Белгісіз себептерге байланысты ұшақ Тынық мұхитының бейтарап суларының үстімен ұшудың орнына, оң жақ бағытқа қарай ауытқи бастайды. Бұл қателік автопилотты дұрыс орнатпау салдарынан болған деп саналады. Кеме Камчатка, содан кейін Сахалин аралының үстінен өтеді. Сол жерде оны кеңестік Су-15 жойғыш ұшағы екі зымыран жіберіп атып түсіреді.

Әуе кемесі Жапон теңізіндегі Сахалиннің батысындағы Монерон аралының маңында суға құлайды. Барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері мәңгіге көз жұмды.

Бұл оқиға қырғи қабақ соғыстың ең шиеленісті сәттерінің бірі болды, әрі КСРО мен Батыс елдері арасындағы қатынастар ушыға түсті.

Iran Air әуе компаниясының Airbus A300 әуе лайнері 1988 жылы Тегеран - Бендер - Аббас - Дубай бағытына жол тартады. Бандер-Аббастан шығып, Парсы шығанағы үстінен өтіп бара жатқан бейбіт ұшаққа американың Vincennes крейсерінен ракета жіберіледі. 290 адам опат болды.

АҚШ үкіметі Iran Air ұшағын қателесіп Иран Әуе күштерінің F-14 ұшағы деп қабылдағанын мәлімдеді. Америкалықтардың айтуынша, крейсер экипажы әскери және азаматтық радиожиіліктер арқылы әуе кемесімен байланыс орнатуға он рет әрекет жасағанымен, ешқандай жауап алмаған.

АҚШ билігі өзінің заңды жауапкершілігін мойындамағанымен, қаза тапқан ирандықтардың отбасыларына 61,8 млн доллар өтемақы төлеуге келісім берді.

"Сібір" әуе компаниясының Ту-154 лайнері 2001 жылдың 4 қазанында Тель-Авивтен Новосібірге ұшып келуі керек еді, алайда жолда Қара теңізге құлайды. Борттағы 78 адамның барлығы мерт болды.

Мемлекетаралық авиация комитетінің (МАК) тұжырымына сәйкес, Қырым түбегінде Ресей-Украина әскери жаттығулары кезінде Украинаның әуе қорғанысынан ұшырылған S-200 кешенді зениттік зымыраны ұшақты абайсызда атып түсірген.

Украина 2003 жылы апатта қаза тапқандардың туыстарына өтемақы төлеу туралы үкіметаралық келісімдерге қол қойды. Қайтыс болған әр адам үшін 200 мың доллардан төледі. Соның ішінде, Ресейге – 7,8 миллион доллар және бортта көп азаматы болған Израильге 7,5 миллион доллар өтемақы берген. Алайда, Киев ұшақ апаты үшін заңды түрде кінәсін мойындаған жоқ.

2014 жылы Malaysia Airlines компаниясына тиесілі Boeing 777 Амстердам қаласынан Куала-Лумпурға ұшып шығып, Украинаның шығысында құлады.

Борттағы 298 адамның барлығы қаза тапты. Жолаушылардың көпшілігі Голландиялықтар еді, сондай-ақ  ұшақ апатында Австралия, Малайзия, Ұлыбритания, Бельгия, Канада, Индонезия, Германия, Жаңа Зеландия және Филиппин азаматтары да опат  болды.

2015 жылы 13 қазанда Нидерланды Қауіпсіздік Кеңесінің лайнер апатын зерттеу комиссиясы ұшақтың "Бук" әуе қорғаныс жүйесінен ұшырылған жер-әуе зымыранымен атып түсірілгені туралы баяндамасын жариялады.

Нидерланды мен Австралия ұшақ апаты үшін ресми түрде Ресейді айыптады. Ал Ресей "ұшақ апатына қатысы бар" деген айыпты қабылдамай, Malaysia Airlines әуе кемесін атып түсірген зымыран Украинаның әскери бөліміне тиесілі деп мәлімдеді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу