Олжас Бектенов: Біз талантты кәсіпкерлерді мемлекеттің тірегі ретінде қолдауымыз керек

Премьер-министр Үкімет отырысында Қазақстанның тамақ өнімдерін өндіру бағытындағы жоғары әлеуетіне тоқталып өтті. 

Олжас Бектенов: Біз талантты кәсіпкерлерді мемлекеттің тірегі ретінде қолдауымыз керек Фото: Үкімет

Олжас Бектенов бұған мысал ретінде жақында ғана өзі аялдаған Астана қаласындағы отандық компанияны айтуға болатынын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Нәтижелер бар деп айтуға болады, бірақ осы тамақ өнімдерін өндіру бағытында әлеует өте жоғары. Біз әлі күнге дейін өз нарығымызды толығымен қамтамасыз ете алмай жүрміз. Сондықтан, мүмкіндіктер бар. Мысалы, мен кеше Астанадағы "Тәп-тәтті" компаниясына бардым. Ол кішігірім кондитерлік цехтан бастап, 4-5 жылдың ішінде үлкен зауытқа айналды. 1,5 мың адам жұмыс істеп жатыр, – деді Премьер-министр. 

Олжас Бектеновтің сөзінше, осындай кәсіпкерлерді насихаттап, қолдау керек. 

– Кәсіпкерлікпен айналысу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осындай таланты бар адамдарға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпкерлер – әрбір мемлекеттің негізгі тірегі. Оны дұрыстап түсіне білу керек. Барлық Үкімет мүшесіне, әкімдерге айтатыным, осындай кәсіпкерлер барлық өңірде бар. Оларға барынша қолдау көрсетіңіздер, – деді ол.

Бұған дейін Олжас Бектенов "Бізге қарқынды экономикалық өсім керек" деп мәлімдеген болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу