Ақтауда "Жыл кәсіпкері" анықталды. Биылғы жеңімпаз отбасы кәсіпкерліктен бөлек, қайырымдылық көрсетумен де айналысады, деп жазды inbusiness.kz.
Сәкен мен Гаухар Ешмұхановтар отбасы жөнінде өткен жылы жазған болатынбыз. Отыз бес жастағы келіншек ол кезде оныншы сәбиін күтіп отырған. Одан кейін аман-есен босанып, 5 қыз, 4 ұлдан кейін Самир деген нәресте өмірге келді. Балалардың екеуі студент, төртеуі – мектеп оқушысы, тағы екеуі балабақшаға барады.
Көп балалы отбасы бірнеше салада жеке кәсібін өрбітіп, ірі жобаларды іске асырып келеді. Жас ана жақында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жетістікке жеткен тұлғалар арасындағы "People Awards" премиясының "Жыл кәсіпкері" аталымы бойынша үздік деп танылды.
"Он баланың тәрбиесімен қатар әр ана өз ісін жүргізіп, дамуға мүмкіндік бар. Әрине, ол қажырлы еңбекті қажет етеді. Біз көптеген қиындықтардан өттік. Бірақ мойымадық. Міне, бүгінде еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз. Біз жасай алсақ, басқалардың да қолынан келетіні сөзсіз", – дейді Гауһар Ешмұханова.
Құралай Қуатова